«2 жасар бала жансақтау бөлімінде көз жұмды»: Нұрымова дәрігерлердің кәсібилігі жайлы
Алматыдағы клиникада балаға бір уақытта 22 дәрі-дәрмек тағайындалған
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жылдың соңында Алматыдағы клиникада сапалы және кәсіби медициналық қызмет алмаған 2 жасар бала көз жұмды. Балаға бір уақытта 22 дәрі-дәрмек, 7 дәрі тамызғыш (капельница) тағайындалды. Салдарынан баланың ағзасы уланып, ол қалалық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл клиникада кішкентай пациенттерге бір уақытта 40-қа дейін дәрі-дәрмек тағайындалады. Ауруы асқынған және денсаулыққа аса ауыр зиян тиюдің көптеген жағдайы тіркеледі. Алайда дәрігердің кеңесі 200 мың теңге, массаж курсы – 400 мың теңге әрі басқа да медициналық қызметтер негізсіз жоғары бағада көрсетілген», - деді депутат.
Ол атағандай, адам медицина қызметкері болмаса да 22 немесе одан да көп дәрі-дәрмекті бір уақытта қабылдау бала тұрмақ, ересек адамның ағзасына ауыр тиетінін түсінеді.
«Осы жағдайға қарамастан бұл клиника жұмыс істеп тұр. Медициналық жоғары оқу орындарында болашақ дәрігерлерге полипрагмазияға жол бермеуге, 5-тен артық дәрі-дәрмекті тағайындамауға кеңес береді. Сондай-ақ жақында Астанадағы №2 қалалық ауруханасының реанимация бөліміне жағдайы ауыр насқас түсті. Оған медициналық білімі жоқ дәрігерсымақ пластикалық операция жасаған. Салдарынан науқастың жағдайы нашарлаған. Пациентке шұғыл хирургиялық операция жасау нәтижесінде оның өмірін әрең сақтап қалдық. Мұндай фактілер көп», - деді ол.
Депутат Таразда хирургсымақтар жеке салонда 9 заңсыз пластикалық ота: блеферопластика, липосакция жасағанын айтты.
«Салдарынан бет пен дене тінінің деформациясы, қабақтың ассимметриясы, іштегі спазмодикалық ауырсыну, аяқ-қолдың дисфункциясы, құлақ сырғалығының деформациясы деген сияқты денсаулыққа аса ауыр зиян тиген.Өкінішке қарай әлеуметтік желілерде кез-келген адам өзін кез келген саланың маманы ретінде, тіпті медициналық арнайы білімі болмаса да өзін дәрігер ретінде жарнамалай алады. Осылайша, адамдар «көздің жауын алатын» жарнамалардың құрбаны болады. Соңғы уақытта медициналық білімі жоқ кей азаматтар медициналық кабинеттер жиі ашатын болды. Олар түсінісіз құралдарды, балғаларды, тіркелмеген дәрі-дәрмектерді пайдаланады», - деді ол.
Ол жауапты органдар қайда қарап отыр: денсаулық сақтау департаменттері, медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитеттері, құқық қорғау органдары неге тексермейтінін сұрады.
Жоғарыда айтылғандарғы ескеріп, депутат төмендегі бағытта жұмыс істеуді ұсынды:
- Медициналық қызметті жарнамалайтын әлеуметтік желілерді бақылау;
- Заңсыз көрсетілген медициналық қызметті анықтау бойынша жұмысты күшейту;