Депутат білім беру саласындағы олқылықтарды атады

Аягөз Құрмаш

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін өзгертуді ұсынды

Депутат білім беру саласындағы олқылықтарды атады
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза білім беру саласының олқылықтарын атап, ұсынысын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Өткен жылдың қыркүйегінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің жұмысымен танысып, «Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды» деген болатын», - деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде педагогикалық колледждердің жалпы жұмыс жасау жүйесіне, әдістемесіне бөлек қолдау қажеттілігі көрініп тұр.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, әр мұғалім үлгі тұтатын Жүсіпбек Аймаутовтың 135 жылдық мерейтойы аталып өтпекші. Алайда осындай атаулы жылда бүгінгі білім беру саласында ақаулықтар бар екені мәлім», - деді Нұртаза.

Осыған орай, депутат депутаттық сауалында педагог кадрларды даярлауды жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты:

  • Жоғарғы оқу орнына туыстас мамандықтарға қабылдауға білім беру грантын көбейту туралы;
  • Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагог қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы;
  • Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары мен тағлымдамадан өту туралы;
  • «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.