$ 503.61  524.96  5.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.01.2024, 17:16
Қоғам

«Шатырынан су сорғалап тұр»: Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің сапасы сын көтермейді

Қала билігі құрылыс компаниясын сотқа берген

«Шатырынан су сорғалап тұр»: Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің сапасы сын көтермейді
Фото: 24.kz

Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа үйдің сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары қалай болса солай атқарылған. Шатырынан су сорғалап, қабырғадан суық үрлейді. Су мен жылыту жүйесі де жиі бұзылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

 «Күн суытып, жел соқса болды, үйдің іші азынап кетеді. Бұл бізге ыңғайсыздық тудырады. Еден де суық. Су да жиі тоқтайды. Одан бөлек кәріз жүйесі істемей қалады», - дейді қала тұрғыны Альфия Валимухаметова.

 Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйдің кемшіліктері бастан асады. Шатырдан су ағады. Қабырғадан сыз тартады. Бұл туралы тұрғындардың айтпаған адамы, жазбаған жері жоқ.

 «Президентке де хат жаздым. Одан кейін қалалық құрылыс бөлімінен «қабырғалар мен шатырды 2023 жылдың көктемінде жөндеп береміз» деген жауап келді. Бірақ ешкім келмеді», - дейді қала тұрғыны Наталья Николайчик.

192 пәтерлі үйдің құрылысын 3 бөлек компания жүргізіп, әрең дегенде аяқтаған. Сапасыз жұмыстың салдары мен зардабын енді тұрғындар тартып отыр.

 «Қазір үй қалалық әкімдіктің меншігінде тұр. Олар меншік құқығын бізге бергілері келеді. Бірақ, мен өзім келіспеймін. Өйткені, үйдің жағдайы мәз емес. Ертең барлығын өзімізге жөндеуге тура келеді», - деді меншік иелері бірлестігінің төрағасы Михаил Милютин.

Бұл жағдаймен қала билігі де таныс. Кезінде қабылдап алған үйді енді жөндете алмай дал. Олар құрылыс компаниясын сотқа берген.

 «Құрылыстың үлкен бөлігін «Севимстальком» ЖШС жасаған болатын. Бірақ олар бүгінгі таңда жаңағы олқылықтардың барлығын қайта жасамай жатыр. Сол себепті құрылыс бөлімі сотқа жүгінген болатын. 9 қаңтар күні екінші қаралым болады осыған сәйкес», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Тараптар осылай соттасып жүргенде тұрғындар қорқып отыр. Жуырда үйдің кірпішпен қапталған беті қабырғадан ажырай бастаған. Қабырғалары қақырап, опырылып құлауға жақын тұр деп алаңдайды олар.

Серіктес жаңалықтары