Түркістан облысында 1 жастан асқан бала әжетхана ойығына түсіп кетті
Бүлдіршінді 4-ші сынып оқитын ағасы шығарып алды
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 1 жастан асқан бала әжетхана сырттағы әжетхананың ойығына түсіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Абырой болғанда оны анасы дер кезінде байқап, 10 жасар ұлын көмекке шақырған. Ол беліне арқан жіп байлап, анасының демеуімен кішкентай бауырын өлімнен арашалап қалған. Үлгі болар ісі үшін 4 сынып оқушысы Нұрали Құдыретұлын облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
«Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауыл округі, Жылыбұлақ елді мекені, Төленді Мұса көшесіндегі №43-ші үйдің әжетхана ойығына 1 жасар баланың түсіп кеткені анықталды. Бүлдіршінді 4-ші сынып оқитын ағасы құтқарып қалған. Бүгінде баланың ерлігі еленіп, арнайы алғыс хат табысталды», - деді Түркістан облысы ТЖД баспасөз хатшысы Шыңғыс Сүлеймен.