Талдықорғанда құқықбұзушы қамауға алынбау үшін сотқа жалған медициналық анықтама берген
Құқықбұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы тиіс болған
Талдықорғанның мамандандырылған ауданаралық сотында көлікті масаң күйінде басқарған жүргізушінің ісі қаралды. Прокурорлар тексеріс барысында құқықбұзушының сотқа жалған құжат ұсынғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдықорған қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 23 қараша 2023 жылғы қаулысымен азаматша У., автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін, тек қана көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру түріндегі әкімшілік жазаға тартылды (ҚР ӘҚБтК-тің 608 б., 1 б.).
Осы баптың санкциясы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын көздейді.
Алайда, сот У. азаматшаға, әкімшілік қамаққа алу жазасын қолдануды болдырмайтын, денсаулық жағдайына байланысты анықтаманы ұсынуының негізінде қамаққа алу жазасын қолданбаған (ҚР ӘҚБтК-тің 50 б., 2 б., жүкті айелдерге әкімшілік қамаққа алуды шектейді).
«Прокурорлық қарсы тексеріс жүргізу кезінде, құқықбұзушы сотқа жалған медициналық құжатты ұсыну арқылы, сотты жаңылыстырғаны анықталды. Қазіргі таңда Талдықорған қаласының прокуратурасымен сот қаулысына наразылық енгізілді. Ресми құжатты жалған етіп жасау фактісі бойынша, іс-құжаттар процесуалдық шешім қабылдау үшін Талдықорған қаласының полиция Басқармасына жолданды», - делінген хабарламада.