Павлодар облысының үш ауданында ауылдар әлі жарықсыз отыр
Бүгінде 107 елдімекенде жарық қосылды
Дауылдың салдарынан болған авариялық өшірулерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде 107 елдімекенде жарық қосылды.
«Облыс аумағының 117 елді мекенінде 18 -19 қараша күндері электр энергияның өшірілуі тіркелді. Қазіргі таңда 107 елді мекенде электр жүйесі қайта іске қосылды. Қалған 10 елді мекенде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл үш ауданның – Аққулы, Шарбақты, Баянауыл аудандарының ауылдары», – деді облыс әкімінің баспасөз қызметінде.
Еске сала кетейік, демалыс күндері аумағында кейбір жерлерде екпіні 37 м/с жеткен қатты дауылды жел тіркелді. Соның салдарынан электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық өшіру орын алды, ал электр желілерінің жүзден астам бағаналарына зақым келді. Бұған қатысы облыс әкімі Асайын Байханов өткізген жиналыс кезінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының экс-басшысы Ержан Салхановты өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатқан болатын.