Коронавирус жұқтырған 11 науқастың жағдайы ауыр – Біртанов
68 пациенттің жағдайы орташа деңгейде

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирус жұқтырған жандардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Министрдің айтуынша, бір науқастың жағдайы өте ауыр халде.
«Қазір 11 науқастың жағдайы ауыр, бір азаматтың жағдайы өте ауыр. Олар интенсивті жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. 68 науқастың жағдайы орташа деңгейде, 341 науқастың жағдайы жеңіл немесе симптомсыз», - дейді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған 13 467 азамат бар. Олардың арасында 442 азамат шет елдерге шығып кеткен. Елде қалғандарының 96,7%-ы стационарда және үйде оқшауланған.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда 28 медицина қызметкерінің қызмет бабында жүріп коронавирус жұқтырып алғанын айтты.
«Әр жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, себептері нақтыланады. Инфекциялық ауруханаларда, провизорлық стационарларда және карантиндік мекемелерде жұмыс істеу қауіпті екені бастапқыда белгілі болды. Біз бұл туралы шетелдік тәжірибеден білеміз. Осыған байланысты облыс әкімдері барлық қажет шараларды қабылдап жатыр. Медицина қызметкерлеріне қатысты барлық тиісті ережелер сақталуы керек. Медициналық қызметкерлердің өздері қауіпсіздік техникасын сақтықпен орындауы керек», - деді ведомство басшысы.
Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда қауіпті індет жұқтырғандар 453 адамға жетті. Өкінішке қарай, қауіпті індеттен елімізде 3 адам көз жұмды. Ал айыққандар саны – 29 адам.