ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 263 адам коронавирус жұқтырған

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта 9,5%-ға түсірді

10 наурызда ол 12,0%-ға дейін өскен

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлеменің деңгейін жылдық 9,5%-ға дейін төмендету және пайыздық дәлізді +/- 2 пайыздық тармаққа дейін кеңейту туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тиісінше, өтімділікті беруге қатысты тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,5%, өтімділікті алуға қатысты тұрақты қолжетімді операциялар бойынша 7,5% болды. Бұл шешім 2020 жылғы 6 сәуірден бастап күшіне енеді.

«Мұнай бағасының екі есе құлдырауы, OPEC+ келісіміне қатысты бұдан былайғы перспективалардың белгісіздігі және COVID-19 коронавирусының пандемиясы аясында 2020 жылғы наурызда қабылдаған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 12,0%-ға дейін арттыру және теңгенің айырбастау бағамын тепе-тең деңгейде қалыптастыру туралы шешімдері инфляцияны тұрақтандыруға және сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының қаржы нарығына таралуын шектеуге бағытталды.

Сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының теріс салдарын жеңілдету үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша 4,4 трлн теңге көлемінде дағдарысқа қарсы шаралардың 2 топтамасына бастама жасады. Осы бастамаларды іске асыру үшін ҚР Үкіметі бюджет саясатының негізгі параметрлерін қайта қарап, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға қомақты шығыстар көздеді. Осыған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде бұдан әрі ұзақ ұстап тұру экономикалық белсенділікке шектеу әсерін көрсетуі мүмкін деп санайды», - делінген ҰБ таратқан хабарламада.

Соған қарамастан, COVID-19 коронавирусы пандемиясының кеңеюіне негізделген сыртқы сектор тарапынан сұраныс пен ұсыныстың бір уақыттағы күтпеген өзгерістері және мұнай бағасының көп жылғы минимумға дейін күрт төмендеуі, сондай-ақ ішкі ұсыныстың шектелуі инфляция деңгейін арттыруға алып келді. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша инфляция жылдық көрсетуде белгіленген 4-6% нысаналы дәлізден асып, 6,4% болды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 2021 жылы кейіннен бәсеңдей отырып, 9-11% шегінде қалыптасады деп күтеміз. Ұлттық банктің бағалауы қазіргі жағдайлар сақталған кезде ағымдағы жылы экономикалық өсу теріс болатынын көрсетіп отыр.

«Бұл шешім Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикамыз үшін тәуекелдерді шектеуге және оны сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеуге бағытталған бірқатар шарасының бірі болмақ. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын 1 трлн теңгеге дейін кеңейтуді және  600 млрд теңге сомасына Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қабылдауды қоса алғанда, Ұлттық банктің басқа шараларымен бірге базалық мөлшерлемені төмендетуі коронавирус салдарының Қазақстан экономикасына әсерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және экономикалық белсенділікке қолдау көрсетеді», - деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 27 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.

Сұхбат
Бүгінге дейін ауылға көшу акциясына 4000 адамнан өтініш түcкен
Оның айтуынша, аралдан баспана алатындар саны жыл сайын артып келеді
Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан 1,3 млн жауынгер аттанған