$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2019, 15:57
Қоғам

Шымкентте қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі-дәрмек жетпей жатыр

«Қалалық онкологиялық орталық» 2019 жылы онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға арнап 1,67 млрд теңгеге 30 түрлі дәріге тапсырыс берген

Шымкентте қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі-дәрмек жетпей жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Мамандардың айтуынша, тапсырыспен алынған дәрілерді негізінен онкологиялық аурулардың реестрінде тұрған науқастар пайдаланады және ол дәрілер тек сол онкологиялық орталықтың өзінде беріледі. Ал, тапсырысты орындаушы «СҚ-Фармация» ЖШС жыл басынан бері бөлінген 1 млрд астам қаржының 553 миллион 749 мың теңгесіне дәрілерді жеткізген. Ол дәрілермен Шымкенттегі 1135 науқас қамтамасыз етіліпті. Алайда, басқармадағылардың хабарлауынша, дистрибютер тарапынан 10 қазанға дейін 44 миллион 89 мың теңгеге 10 түрлі дәрінің жеткізілуі кешігіп, қазан айының алғашқы аптасында дәрі жетіспеушілігі туындаған. Олар: летрозол, бикалутамид, алтындрис, капецитабин, аксастрол, герцептин, калоприемник, тем-эл, зарсио, эпотэин дәрілері.

Оқи отырыңыз: YouTube-тегі «халық емшілері»: Қазақстанда жалған видеолармен күресетін маман жоқ

«Препараттардың ішінде бір-бірімен алмастырылатын дәрілер бар. Мысалы, таблетка түрінде ішетіні болады, оны тамыр ішіне енгізу арқылы ерітіндімен қабылдайтын дәрілермен алмастырған. Гармоналды препараттарды дәрінің басқа да түрлерімен алмастырған. 15 қазанға дейін «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан дәрілердің қазан айында жеткізілуі тиіс болған бөлігі әкелінген. Бірақ оның ішінде екі препараттың жеткізілуі кешігіп тұр. Соның бірі «летрозол» дәрісі қараша айында келеді екен, екінші дәрі «эпоэтин» елімізге кірген сертификаттау рәсімдеуінен өтіп жатыр. 25 қазанға дейін жеткізіледі деп күтіледі», - дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев.

Шымкентте онкологиялық дертке шалдыққандар саны көбейіп келеді

Мамандардың айтуынша, қала бойынша өткен жылмен салыстырғанда онкологиялық дертке шалдыққандар саны артқан. Биылғы 9 ай ішінде 85 мыңнан астам қала тұрғындары скринингтеуден өтіп, 12 235 адамның онкологиялық кеселге душар болу ықтималдығы жоғары екені анықталған. Соның ішінде 11 921-і диспансерлік есепке алынған. Бұл азаматтардың ішінде адам өміріне қаупі жоқ ісіктер кездескендері де бар. Олардың қатерлі ісікке айналып кетпеуін дәрігерлер бақылауда ұстайды.

Оқи отырыңыз: Обырды жеңгендер көп, бірақ олар елге айтудан қорқады – бас онколог

Ал, шаһардағы қатерлі ісікке шалдыққандардың электрондық тіркеуінде 6750 науқас есепте тұр. Соның ішінде химия терапия мен ауруға қарсы дәрілерді пайдаланатын науқастардың саны 1290 екен.

«Өзіңіз тіркелген аймақтың емханасына барып тегін скринингтен өте аласыз. Скрининг жасату жатыр мойын ісігі бойынша 30-дан 60 жасқа дейін және сүт безі бойынша 30 жастан басталады. Аралығы 2 және 4 жыл сайын болуы тиіс. Біз 2020 жылға дейін скринингтен өткізуді 90% қамтуды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында онкологиялық кеселдердің бағытын бірінші кезеңнен-ақ анықтау мүмкін болады», - дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталығы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Жақсылық Мәуленов.   

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары