«Әкімдік жеңілді»: Алматы тұрғындарына мүлкі үшін өтемақы төленетін болды
Прокуратураның араласуынан кейін Алматы әкімдігі соттан арызын қайтарып алды
Наурызбай аудандық сотында 17 қазанға белгіленген даулы іске қатысты сот отырысы өтпей қалды. Алматы қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары дауды тоқтатып, сот ісін жалғастырудың тиімсіз екенін мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі заңгер Индира Әлімжановаға сілтеме жасап.
Әкімдік пен тұрғындар арасындағы дау ағымдағы жылдың қыркүйегінде басталған. Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының қызметкерлері Наурызбай ауданының тұрғындары – Лариса Нам мен Айгүл Барлыбаеваға тиесілі жер учаскелері мен зәулім коттеджілерінің құжаттарын жарамсыз деп тану және өтемақы төлемей, аумақты мемлекетке қайтару керек деп сотқа талап арыз берген еді. Қала билігі бұл әрекетін жерді мемлекет меншіген қайтару, яғни Абай даңғылын ұзартуға кедергі келтірген үйлерді алып тасау керектігімен түсіндірген.
Жергілікті билікпен «ұстасқан» екі әйелдің де кәмелетке толмаған балалары бар. Олардың айтуынша, аталған жер учаскесін «U.C. Company» ЖШС 2016 жылы сатып алған. Аталған компания 4,2 гектар жерін бөліп сату үшін Жер қатынастары басқармасының заңды құжаттамалық рұсатын да алған. Яғни, 4,2 гектар жер телімі сатып алу-сату келісімшарты негізінде жаңа иелеріне берілген. Мемлекеттік акт алған Айгүл Барлыбаева мен Лариса Нам арада екі жыл өткенде үй құрылысын бітіріп, сот арқылы баспаналарын заңдастырыпты.
Заңгер Индира Әлімжанованың айтуынша, кезінде өздері рұқсат құжатын берген мемлекеттік мекеме өз шешімдеріне қайта қарсы шығып, сотқа арыз берген. Басқарма мамандары бұл әрекеттерін 2019 жылдың қаңтарында прокуратураның қала жоспарына енгізген өзгертулерді негізге алғанын айтады.
«Осы жоспарға сәйкес, Абай даңғылы менің қорғауымдағы адамдардың жер учаскелері арқылы өтеді. Жоспарға сүйене отырып, прокуратура тек жерді ғана емес, сонымен қатар, үйлерді де сатып алу қажеттігін көрсетеді. Бұл прокуратураның ұсыныс құжатында жазылған. Ал, жер қатынастары басқармасы меншік құқығының заңды құжаттарын, яғни бұл жерді сатып алу-сату келісімшарты және мемлекеттік жер актісінің заңды екенін мойындағысы келмейді. Ешқандай өтемақы төлемей, отбасыларын үйсіз және жерсіз қалдырмақ болды», - деді заңгер.
Бірақ, бүгінгі сот талқылауы өтпей қалды.
«Жер қатынастары басқармасы өз шағымын қайтарып алуға өтініш берді. Яғни, бұл азаматтық іс енді қаралмайды. Біз қалалық прокуратураға және Бас прокуратураға Жер қатынастары басқармасы қызметтік міндеттерінен асыра пайдаланды, жерді өтемақысыз тартып алғысы келеді деп шағым түсірдік. Осыдан кейін прокуратурадан 3 қазан күні хат келді. Мұнда олар (прокуратура – Azattyq Rýhy) арызды кері қайтарып алу керек, өйткені бұл іс мекеменің (Жер қатынастары басқармасы – Azattyq Rýhy) ресми өкілеттілігін асыра пайдалануы деді. Осымен біз бұл істі жеңіспен аяқтадық», - деді тұрғындардың құқығын сотта қорғауға келген Индира Әлімжанова.
Әкімдікпен соттасып жеңіске жеттік деген тұрғындар өтемақы төленсе мемлекет мүддесі үшін жылжымайтын мүліктерін беруге дайын екендіктерін білдірді. Бірақ, 2 жылда құрылыс жұмыстарына әрқайсысы 90 миллион теңге жұмсап, баспана салған тұрғындардың қымбат коттеджін қала әкімдігі қаншаға бағалайтыны белгісіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы