Допинг дауына шалдыққан Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет үндеу жасады
Ол жанкүйерлерінің қиындықта қасынан табылғанын ерекше атап өтті
Допинг дауына шалдыққан қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Боксшы желідегі парақшасында қазақстандық жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
«Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын! Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым оларға қосылмай, жатқа жығып бермей, қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен», – дейді боксшы
Ол өз сөзінде жанкүйерлерінің қиындықта қасынан табылғанын ерекше атап өтті.
«Менің бір қуанатыным, бокс карьерамда жаман жанкүйер жинамаппын. Мен қазаққа болысатын, қазақ үшін жаны ауыратын, қазаққа жақтасатын жанкүйер жинаппын.
Менің жанкүйерлерім тек көк туды желбіреткенде ғана қасымнан табылатын емес, қиындықта да қолдайтын жанкүйер екен. Бұл түсіне білгенге үлкен бақ!» – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Айта кетейік, WBO және IBF тұжырымдарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсан күні WBA титулының иегері кубалық Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек болатын. Алайда, жекпе-жек алдында отандасымыздың допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, сынамасынан мельдоний табылды. Салдарынан жоспарлы жекпе-жек өтпейтін болды.