Ақтөбе облысында 49 жолаушы мінген автобус аударылып қалды: 5 адам сол жерде көз жұмды (ВИДЕО)
Қайғылы оқиға 7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында болды
Ақтөбе облысында 49 жолаушы мінген автобус аударылып қалды, салдарынан 5 адам сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиғаны облыстық Полиция департаменті растады. Тәртіп сақшылары Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы ұшыраған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында Республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының 1024-шақырымында автобус аударылу фактісі тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі «Самара-Шымкент» автожолымен Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай келе жатып, Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында көлік құралының қозғалыс бағыты бойынша оң жаққа аударылуына жол берген.
Автобус салонында Пермь-Ташкент бағытында жол жүрген Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтекеби аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр.