#ЕсоQuarantine: Экология министрлігі мектеп оқушылары арасында байқау жариялады
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі
Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев коронавирус пандемиясы кезінде оқшауланған қазақстандық мектеп оқушылары үшін экологиялық тақырыпқа арналған республикалық үздік сурет жəне қолдан жасалған бұйымдар конкурсын жариялап отыр.
«Құрметті достар, еліміз үшін де, барлық əлем үшін де қиын кезеңде аман қалу үшін балаларымыз үйде отыруға мəжбүр. Отбасы мүшелері уақытын бір шаңырақ астында өткізуде. Біз осы сəтті пайдаланып, оқушылар арасында республикалық сурет жəне қолдан жасалған бұйымдар конкурсын өткізуді жөн деп шештік. Конкурс «Табиғат пен экологияны сақтау», «Жануарлар дүниесін сақтау», «Қоқыс сұрыптау» номинациялары бойынша өтпек», - деп жазды министр өзінің Twitter парақшасында.
Əр номинация бойынша жүлделі үш орын тағайындау жоспарланған. Конкурс бастауыш, ортаңғы жəне жоғары сыныптар арасында өткізіледі.
Министр жеңімпаздарды сыйлықпен марапаттауға уəде берді.
«Сурет жəне қолдан жасалған бұйымдардан басқа, қоқыстарды бөлектеп жинау тақырыбында бейнеролик түсіруге болады. Үздік ролик иелеріне де бағалы сыйлық беріледі», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Барлық жұмыстарды 2020 жылғы 30 сəуірге дейін ТАƏ, қала/ауыл/елді мекеннің, мектептің атын, жас мөлшері мен сыныбын көрсете отырып, #ЕсоQuarantine хэштегімен əлеуметтік желілерде жариялау немесе EcoQuarantine@gmail.com поштасына жолдау қажет.
Бұдан басқа, Экология министрлігі басшысының деректері бойынша, оқшаулану ұйғарымы əрекет ететін мезгілде эко-амбассадорлар табиғатты сақтау тақырыбында онлайн эко-сағаттар өткізіп, оқу-танымдық сабақтар жүргізеді.
«Бұл онлайн сабақтардың барлығын Экология министрлігінің сайтынан жəне əлеуметтік желілердегі парақшалардан көре аласыздар. Осы мезгілді балалармен бірге ұтымды өткізуге, өзіміз үшін жаңалықтар ашып, қызықты əсерлер алуға, табиғатты аялап, оған зиян келтірмеуді үйренуге шақырамын. Аман болайық, достар!», - дейді М.Мырзағалиев.