Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Қызылорда облысында Төтенше жағдай кезінде ауыл әкімі той жасаған

Облыста 49 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Қызылорда облысында оның талаптарын бұзушылар күні бүгінге дейін азаймай отыр. Қарапайым халықты былай қойғанда, мемлекеттік қызметшілер – әкімдердің өзі той тойлап жүр, деп хабарлайды kyzylorda-news.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Айтбайұлы мәлімдеді.

«Төтенше жағдай күшінде болу кезеңінде спорттық, ойын-сауық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.  Соған қарамастан өңірімізде жекелеген азаматтар осы талаптарды ескермей, үйлерінде той-томалақ жасап, кафе, мейрамханалар және т.б. ойын-сауық орындары түнгі 22:00-ден кейін де қызметтерін жалғастыруда. Осы әрекеттері үшін құқық қорғау органдарымен төтенше жағдай жарияланғалы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен 49 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның 14-і соттың қаулысымен әкімшілік қамауға алынса, 23-не әкімшілік айыппұл салынды. Қалған 12-і соттың өндірісінде», – деді Талғат Айтбайұлы.

Оның сөзінше, аталған талапты жеке тұлғалардан бөлек мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде, әкімдер де Жарлықтың талаптарын сақтамайтын көрінеді.

Мәселен, Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылының әкімі Нұрманова Әлия Тәшкенбайқызы 28 наурыз күні сол ауылдың Сәтпаев көшесі №6 мекен-жайында орналасқан туысы Есмағамбетов Мұхтар Қамбарұлының үйіне өзі алып келіп, келін түсірген. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг және Аружан Дүйсебаеваның «Facebook» парақшасында жарияланған.

«Үй иесі Шиелі аудандық сотының 28.03.2020 жылғы қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.Сол сияқты, Қызылорда қаласындағы «Оригон» кафесінің сағат 22.00-ден кейін жұмыс істегені және онда 20-дан астам келушілердің болғаны анықталып, кафе иесі С.Тянға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Соттың 25.03.2020 жылғы қаулысымен кафе иесі С.Тян ӘҚБтК-тің 476-бабымен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», – деді облыс прокурорының  бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, 25.03.2020 жылы «Сұлтан» базарының киім-кешек сататын орындары сағат 17.00-ден кейін жұмыс жасағаны және онда 60 астам келушілер мен сатушылар болғаны анықталған. Соттың 26.03.2020 жылғы қаулысымен базар иесі Л.Ризванова төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.