Жыл басынан бері 734 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 50%-ы жастар - Еңбек министрі
Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 51%-ы ауыл тұрғындары
Жалпы Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында биылғы жылға 947 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шаралары көзделген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
9 айдың қорытындысына орай жалпы 734 мың адам жұмысқа тартылды, бұл жылдық көрсеткіштің 77%-ын құрап отыр. Олардың ішінде жастардың үлесі 50 пайызға жетіп отыр.
«Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес 228,7 мың адам жұмыс берушілермен жарияланған бос жұмыс орындарына орналастырылды. Олардың 62%-ы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Тұрақты жұмысқа жолданған азаматтардың 46 пайызы жастар. Негізгі бағыттардың тағы бірі Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес жүргізіліп отырған өңірлерде тұратын әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы аясында тіркелген 212,9 мың кәсіпкерлік субъектілеріне 278,5 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты», - деді Светлана Жақыпова.
Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Министрдің айтуынша, қазір субсидияланатын жұмыс орындарына қамтылған 181,5 мыңнан астам азаматтың 44%-ын – жастар құрап отыр.
Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 50 пайызы (365,8 мыңы) 35 жасқа дейінгі жастар.
Жұмыспен қамтылған азаматтардың 51%-ы ауыл тұрғындары.