«7 мыңнан аса өтінім қабылданды»: Президенттің жастарға шағын несие беру тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатыр
Сондай-ақ биыл осал топтардағы 5316 азаматқа мемлекетттік грант берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастарға шағын несие беру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда, 7 116 өтінім қабылданып, олардың ішінде 21,3 млрд теңге көлемінде 4 734 адамға шағын несие берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Одан басқа, 418 азаматтың бизнес-жобасы өңірлік комиссиялардың қарауында және 637 азаматтың өтінімі өңірлік Агрокредиттік корпорациясы филиалдарының қарауында.
«Бұл бағыттағы жұмыс бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Өз кезегінде, Мемлекет басышысының жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру бойынша берген тапсырмасын орындау барысы Алматы қаласынан басқа өңірлерде өз деңгейінде жүргізіліп отыр. Осыған орай, Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмау қаупі бар.
Бұдан басқа, белсенді шаралардың тағы бір бағыты - мемлекеттік грант беру. Қазіргі кезде гранттарды таратудың 2 кезеңі өтті, нәтижесінде осал топтардағы 5316 азаматқа мемлекетттік грант берілді.
«Жалпы республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі көп балалы отбасылардың қатарынан – 2899 грант, мүгедектігі бар азаматтардың қатарынан 1038 адам, мүгедектігі бар баланы қараушылар қатарынан 631 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушы 365 адам екендігін атап өту қажет.
Грант алушылардың мақсаттары бойынша технологиялық құрал саймандарға 2062 адам, ірі қара мал және ұсақ мал алу мақсатында 1568 адам, құрал саймандарға 957 адам алған. Олардың 40 пайызы жастар», - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.