$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2023, 14:50
Қоғам

Түркістанда мешіт әжетханасына кірмек болған көше сыпырушыларды имам қуып шықты

Имамның әрекеті желі қолданушыларының ашуын туғызды

Түркістанда мешіт әжетханасына кірмек болған көше сыпырушыларды имам қуып шықты
Бейнеден кадр

Түркістанда тазалыққа жауапты коммуналды сала жұмысшылары түсініксіз жайтқа тап болды. Таңнан қара кешке дейін көше сыпырып, нәпақа тауып жүрген аналарды мешіт имамы ашық түрде қуып шыққан. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Оқиға Түркістан қаласында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.

«Түркістан Тазалық» жұмысшылары мешітке келіп, дәретханаға сұранған. Иә, таңның атысынан, күн батқанша көшедегі біздің тастаған қоқысымызды жинап, тазалап жүретін кісілер. Мешітке кіре алмаса, сонда бұл кісілердің еңбегі адал, өздері харам болғаны ма?» деп жазды автор.

Бейнежазбадан мешіт есігінің алдында дін өкілі мен қала тазалығына жауапты мекеменің жұмысшы әйелін көруге болады. Ал мешіттің қақпа тұсында екінші көше сыпырушы тұрады.

«Кет деймін, тыныштықпен кет! Бұл жер көпшіліктің «туалеті» емес! «Давай, мен пока неғымай» тұрған кезде кет!», - дейді қатты дауыспен дін өкілі.

Мешіт ішінен шыққан өзге ер адамдар басына сәлде киген молданың бұл әрекеті бұрыс екенін алға тартып, тіпті оған «Айқайлай берме» деп ескерту жасайды.

Видео соңында көше тазалықшыларының мешіт әжетханасына бәрібір де кіре алмай кеткенін көруге болады.

Мешіт алдында әдепсіздік қылық танытқан имамның әрекеті көптеген қазақстандықтың ашуын тудырды.

«Мына молда жынданған ба? Әжетхана үшін неге соншама жыртылып тұр?», «Мынау имам ба, кім өзі? Мешіттен өзін қуу керек. Психдиспансерге жатқызып емдеу керек қой», «Мынаны мешіттен аластату қажет! Бұндай адамға Алланың үйінде орын жоқ», «Имамымыз мынандай болса, басқаларға не айтуға болады?», «Мына имамның әрекеті дұрыс болмапты. Әжетхананы қызғанғаны несі?..», «Сонша айқайлайды ғой, имам деген сабырлы болмай ма?», «Құтырып болған екен, халықтың садақасымен күн көріп отырғанын ұмытып тұр ма?..», «Ақша салатын жәшікке садақа салайын» деп едім десе, қалай кіргізер еді…» деп жазды желідегілер.

Серіктес жаңалықтары