$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ел бойынша 266 ауданда кітап дүкені жоқ»: Алматыда «Кітап-AMANAT» жобасы басталды

Жыл соңына дейін партия елдің әр өңірінен он кітап дүкенін ашуды жоспарлаған

«Ел бойынша 266 ауданда кітап дүкені жоқ»: Алматыда «Кітап-AMANAT» жобасы басталды

«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалында «Кітап-AMANAT» жобасы басталды. Республика күніне орай «Көк тудың желбірегені» өлеңі сөздерінің авторы, ақын Алмас Ахметбекұлымен оқырмандардың жүздесуін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бұл жобаның мақсаты оқырманның интелектуалды деңгейін көтеріп, кітап өндірісін жолға қою. 

«Кітап-AMANAT» дүкенінде өткен кездесуге белгілі қазақстандық автор мен баспагер Әділ Қойтанов, «AMANAT» партиясынан қалалық мәслихат депутаттары Әсия Ақанова, Бақытбек Жұмабаев, Бекбол Рамазан, партия мүшелері, студенттер мен тағы басқалары қатысты.

Жобаның мақсаты – оқырмандарды қол жетімді бағадағы тиісті кітап қорымен қамтамасыз ету арқылы қазіргі заман авторларының шығармаларын және жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілету.

«Іс-шара барысында оқырмандар ақынмен еркін сұхбат қана құрмай, ақынның өмірі мен шығармашылығы, қазақ поэзиясы туралы өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Сонымен қатар  «Көк тудың желбірегені» кітабының мектеп кітапханасы сериясымен шыққан басылымы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі шығарған «Жұмекеннен жүз өлең» кітабының тұсаукесер шарасы өтті», - деді «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.  

Іс-шара соңында кездесуге келген 100-ге жуық студент демеушілер ұсынған 5 мың теңге сомасына сертификат арқылы «Кітап-AMANAT» дүкенінен тегін кітаптар алды. Бұл акцияның мақсаты – кітап сүйер жастарды қолдап, студенттерді кітап оқуға ынталандыру.

«Бұл «Кітап-AMANAT» жобасы өте маңызды. Партияда бұған дейін «Ауыл-AMANAT», «Жер-AMANAT» деген жобалары болды. 30 жылда кітап саласы, ұлттық идеология саласы, кітап өндірісі өте ауыр дағдарысқа ұшырап, күйреді. Мәселелен, еліміздегі 266 ауданда бірде бір кітап дүкені жоқ. 80 мың тұрғыны бар Шардарада кітап дүкені жоқ екен. Бұл рухани трагедия. Сондықтан бұл жобаға мемлекет басшысы да, пратияның төрғасы да көңіл аударып отыр. Іс-шара рухани сауығуға бет алған жұмыс деп түсіну керек», - деді ақын Алмас Ахметбекұлы.

Қазіргі таңда дүкенде 20 баспа үйінен 2 мыңға жуық кітап ұсынылған. Үлкен кітап қорымен қоса, оқырмандар ыңғайлығы үшін оқу залы мен bookcrossing, яғни кітап алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Алматы қаласында бастау алған жоба аясында ақын-жазушылар мен ғалымдар өз еңбектерін «Кітап-AMANAT» дүкеніне ұсынып, насихаттап қана қоймай,  оқырмандармен кездесу, тұсаукесер өткізу үшін кітап дүкенінің алаңын қолдану мүмкіндігіне ие.

«Партияның барлық облыстарында ғимараттары бар, сол жерден кітап оқуға арналған алаң ашып беруге жұмыс жасап жатырмыз. Бүкіл баспагерлер, кітап таратушылардың басын қосатын қауымдастық бар, оларда күш салып жатыр. Осы жұмыс барысында бізде кітап өндірісінің мүлдем тоқытап қалғанын байқадық. Жастарға тәрбие беретін, заманға сай, өткімді, оқырманның интелектуалды деңгейін көтеретін кітаптарды жинап жатырмыз. Осы жобаның алғышқысы Алматы филиалында ашылды. Алдағы уақытта Астанада, Көкшетауда, Семейде, Талдықорған сынды қалалар кезекте тұр», - деді кездесудің кейіпкері.

Жыл соңына дейін партия елдің әр өңірінен он кітап күкенін ашуды жоспарлаған. Бір жылдың ішінде барлық аудандағы сұранысты орындау көзделген.

Серіктес жаңалықтары