Зорлық пен немқұрайлылық құрбаны болған балалар үшін жүрегім ауырады – Тоқаев

Президент қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады

Зорлық пен немқұрайлылық құрбаны болған балалар үшін жүрегім ауырады – Тоқаев
Фото: freepik.com

Республикалық мұғалімдер съезіндегі сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде зорлық көрген, зардап шеккен балалардың ата-аналары тарапынан үндеу хаттар жиі келетінін айтты.

Президент мұндай хаттарды оқу оңай емес екенін атап өтті.

«Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырғанын қадап айтты.

«Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек. Сондықтан осы жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орындалуын талап етеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдату тапсырылды.

Жалпы, балаға психологиялық қысым жасалмауына, ең алдымен, ата-ана жете көңіл бөлуі керек. Ондай оқиға болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс, деп атап өтті Президент.

«Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.