«Қазақстан – зайырлы ел»: Тоқаев білім беру мекемелеріндегі діндарлық мәселесі туралы айтты
Астанада Республикалық педагогтер съезі өтіп жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев зайырлылық қағидасы барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Президент Республикалық педагогтер съезінде соңғы кезде қоғамда жиі талқыланып жүрген оқушы қыздардың мектепке оранып бару мәселесіне тоқталды.
«Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде, білім беру мекемелерінде қатаң сақталуы тиіс. Мектеп, ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ең бастысы көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.
«Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.
Ал, тәрбие мәселесінде отандық педагогиканың негізгі көзқарастарына да сүйену керек. Өскелең ұрпаққа қазақ дәстүрлері мен құндылықтарына деген сүйіспеншілікті ояту керек.
«Біздің халқымыз әрқашан үлкендерге деген шынайы құрмет, кішілерге ізет көрсетті. Қадір-қасиет, ар-намыс, парыз сезімі сияқты қасиеттерді құрметтеді. Дәстүрлі мәдениет жастарды тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Балаларды еңбекке деген құрметті қалыптастыру, өз жұмысына жауапкершілікпен қараудың, өмірдегі белсенділік пен мақсаттылықтың маңыздылығын түсіндіру үшін жастайынан еңбексүйгіштікке үйрету қажет», - деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН