Қызылорда облысында қызын үйінен ұзатқан тұрғын жауапқа тартылатын болды
Елімізде коронавирустың алдын алу мақсатында той-жиын жасауға тыйым салынған
Қызылорда облысында төтенше жағдайға қарамастан қызының ұзату тойын жасаған жергілікті тұрғын жауапқа тартылды деп жазады Polisia.kz.
Елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілген. Осыған байланысты адамдардың жиналуына, той-жиын өткізуіне де тыйым салынған. Алайда, соған қарамастан төтенше жағдай және карантин режимін бұзғандар саны азаймай отыр деп мәлімдеді полицейлер.
Осындай жағдайлардың бірі 27 наурызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тіркелген. Жергілікті тұрғын қызын ұзатуына байланысты өз ауласында шағын той жасапты. Мұны көршілердің бірі видеокамераға түсіріп, видеоматериалды әлеуметтік желілерде таратып жіберген. Той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды.