ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Алматыда төтенше жағдай тәртібін бұзғандарға сот онлайн өтіп жатыр

Жаза тағайындайтын судьялар қашықтықтан үкім шығаруда

Төтенше жағдай кезінде кәуап пісіріп, оның видеосын әлеуметтік желіге жүктеген 22 жастағы жігіттің соты онлайн өтті. Оған Әкімшілік кодекстің ұсақ бұзақылық, төтенше жағдай ережелерін бұзу және көлік құралын рұқсат етілмеген жерде тоқтату сынды үш бабымен айып тағылды.

Шығыс айналма жолында түсірілген бейнероликтің иесі онлайн түрде өткен соттың шешімімен 15 тәулікке қамалды.

«Бейнематериал авторы ер адамдардың кәуап пісіріп жатқанын баяндайды. Тексеру жұмыстары барысында мұның қойылым екені, құқықбұзушылықты түсірген оператор отты жаққан адамдардың досы екені және түсірілімнің өзі көпшілікті алдау үшін жасалғаны белгілі болды. Ұйымдастырушы – 1997 жылы туған Б. есімді азамат. Ол жасаған әрекетін бірден мойындады. Өндіріс материалдары сотқа жолданып, соттың шешімімен Б. есімді азамат 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.  Карантинге байланысты сот отырысы онлайн режимінде өтті», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

Әзілдеймін деп сотты болған жігіт көпшіліктен және құқық қорғау орындарының қызметкерлерінен кешірім сұрағанымен, енді тек 15 тәуліктен соң ғана бостандыққа шығады.