Жетісу облысының аумағы қоқысқа толып кеткен: прокуратура тексеру жүргізді

Өңірден 37 қоқыс полигонының заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды

Жетісу облысының аумағы қоқысқа толып кеткен: прокуратура тексеру жүргізді

Жетісу облысын қоқыс басып қалған. Заңсыз қоқыс полигондарының көбейіп кетуіне тікелей әкімдер жол берген. Табиғатты қоқыс алаңдарына айналдырған мемлекеттік шенділер енді шетінен жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық прокуратура заңсыз қоқыс тастауға жол беріп, аумақты ластатқаны үшін әкімдіктің лауазымды өкілдерін жауапкершілікке тартып жатыр. Облыс аумағында ешқандай құжаты жоқ болса да заңсыз жұмыс істеп, қаржы тауып келген 37 қоқыс полигоны анықталды.

«Текелі және Талдықорған қалаларында, сондай-ақ Ескелді, Көксу және Қаратал аудандарында қоршаған ортаға зиян келтірілді. Бұған дейін экология департаменті жергілікті атқарушы органдардың назарын осы заңды бұзғандарға аударып келді. Алайда олар ешқандай шаралар қабылдамады және табиғатты қорғау прокуратурасына араласуға тура келді», - деді Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша аудан әкімінің 3 орынбасары және аудан әкімдігінің  бөлім басшысы жауапкершілікке тартылды.

«ӘҚБтК-нің 344-бабы (экологиялық талаптарды бұзу) бойынша жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті атқарушы органдар полигондарды нақты жоюға кірісті», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.