ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Бір келі күл 100 теңге»: Павлодар облысында тұрғындар күл сатып күнелтіп жүр

Олар жылу электр стансаларынан шыққан күлді Ресейге өткізеді

Павлодар облысында жұмыссыз тұрғындар күл жинап күн көріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  тілшісі.  Жергілікті тұрғындар күлге таласып, жаға жыртысуға дейін баратын болған. Көл бетінде көбікпен бірге қалқыған күлді алу үшін адамдар топталып барады. Жалғыз жұмыс өнбейді әрі бәсекелестік қатты болғандықтан, «таяқ жеп қалу» қаупі бар дейді күл жинап нәпақа тауып жүрген тұрғындар. Өзін Тілеубек деп таныстырған жігіт Павлодар ауданынан 150 шақырым жердегі МАЕС-1 және МАЕС- 2-ге арнайы келеді екен. Айтуынша, осы алып стансалардан шыққан қалдық су көлге айналған. Стансадан шыққан сумен бірге күл де ағып келеді.

«Соңғы рет үш күн жүріп, 4 тоннадан астам күлді көлден қалқып алдық. Келісін 50 теңгеден өткіздік. Үш адам болып бардық. Адам көп. Осы жолы «сақалдылар» айналаны қоршай бастапты. Жолатқылары келмейді. Ақшаның көзі. Ел көлде қалқыған күлдің көп жеріне таласады. Үш адам  200 мың теңге таптық. Шүкір. Айлықтан жақсы. Бірақ қауіпті, бәленің бәрі қаланың сол жерінде», - деді алты баланың әкесі  Тілеубек Әзімхан.

Нәпақасын осы жерден тауып жүрген тағы бір жігіт әйелін ертіп, ШҚО-ға барған. Айтуынша, жолы болып, бес баласын бір ай асырауға жететін ақша тауып қайтқан көрінеді. 

«Өскемен қаласының жанындағы Скалскі ауылынан күл теруге бардық. ГРЭС-тің қасында Солнечный деген ауылда жатып жұмыс істедік. Болады, жақсы табыспен қайттық. Адам көп, маусым басталыпты. Күн суық, желдің өтінде көлді кешіп жүріп, лай күлді сүзіп аласың. Жұмыс оңай емес», - деп түсіндірді өзін Сүндетбек деп таныстырған жігіт.

Қапқа жиналған күлді сол маңдағы қабылдау орталықтарына өткізеді. Қыстыңгүні бір келі күлдің құны 100 теңгеге дейін қымбаттаса, күн жылынғанда баға екі есеге дейін арзандайды. Су кешкен тұрғындар көл бетінде қалқыған қалдықтарды арнайы ау тәріздес сүзгімен алады.

Павлодар облысының әкімдігі халықтың күл теріп кеткенін білетін болып шықты, алайда көл бізге қарамайды дегенді алға тартып, сұхбат бермеді. Ал Екібастұз қаласы әкімдігінің  мәліметінше, қалдықтардың пайдасы көп. Бірақ халықтың ол жаққа барып, көлдің бетін сүзуі заңсыз.

«Бұл аумақты мемлекеттік органдар бақыламайды. Халықтың күл деп жүргендері  микросфера деп аталады. Алайда, екі стансаның басшылары біз күл деп жүрген осы микросфераны жинайтын кәсіпорындармен шарт жасасқан. Түпкір-түпкірден келіп жатқан адамдар көлден микросфераны рұқсатсыз жинап жүр. Олардың әрекеттері – заңсыз», - деді Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Динара  Базарбекова.

Микросфера – электр станцияларынан көмір жағылған кезде шлак күлінің құрамында пайда болатын ұсақ әрі  қатты бөлшектер. Көмір жағылғаннан кейін шлак құбырлар арқылы арнайы белгіленген шұңқырларға құйылады. Сол жерде, жеңіл және ауыр фракциялардың бөлінуі пайда болып, жеңіл бөлшектер, яғни микросфералар көл бетінде қалқып жүреді. Микросфераны бүгінде зауыттар ондаған түрлі құрылыс материалын шығаруға пайдаланады.

Микросфералар мәселен, пластик, гипс, керамика, жеңіл цементтен бастап, өзге де құрылыс материалдарын өндіруде тамаша толтырғыш зат болып есептеледі. Себебі, микросфералар қосылған өнімдердің  төзімділігі жоғары, жеңіл әрі әдемілігімен ерекшеленеді екен. Сонымен қатар, толтырғыш ретінде микросфераларды пайдалану өнімнің өзіндік құнын да арзандатады.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЕС-1» ЖШС-і микросфераны  кәдеге жаратумен 2016 жылдан бері заңды түрде айналысады. Екібастұз МАЕС-1 және МАЕС-2 бірлескен күл үйінділерінде микросфера жинайтын ресми компаниялар жұмыс істейді. Алайда, бұл іспен  кейбір адамдар заңсыз айналысатынын да жоққа шығара алмаймыз. Екібастұз қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Е. Букаевтың ақпараты бойынша полиция заңсыз айналысатын тұлғаларды анықтайтын арнайы рейдтер жүргізбейді», - деді Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Динара Базарбекова.

МАЕС-1 Екібастұз қаласынан 15, ал №2 жылу электр стансасы 40 шақырым қашықта орналасқан. Екеуінен де шыққан көмір қалдықтары жазықтағы көл тұнбасына жиналады. Жылу электр стансасының баспасөз хатшысына хабарласып, «Қалдықтардың ашық аспан астында жатуы және оны халықтың қолмен жинауы зиян емес пе», деп сұраған едік. МАЕС-2 стансасының баспасөз хатшысы Аягөз  Мүсәпірова сұрақтарға  жауап беруге бастықтар рұқсат бермегенін айтып, ресми  сауалхат жолдауды өтінді.

Төрт күн үзілістен соң өзінің үйреншікті ісіне қайта кіріскен Тілеубек бұл жолы жанындағы жігіттермен бірге кем дегенде, 5 тонна микросфера жинауды көздеп отыр.

Әмірболат Құсайынұлы,  Алматы