Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жабылды
2023 жылдың басында-ақ ата-аналар мектепті апатты деп тануды талап еткен
Риддердегі «Шаңырақ» қазақ мектебінде оқитын оқушылардың барлығы уақытша өзге білім ордасына ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті тұрғындар ғимараттың шатыры кез келген уақытта құлауы мүмкін екенін мәлімдеген. Ата-аналардың өтінішімен ШҚО Білім басқармасы ғимаратқа тексеру жүргізді.
«Бізде мектептің апатты жағдайда еместігін растайтын сарапшы қорытындысы бар. Дегенмен ғимаратқа толық жөндеу жұмыстары қажет. Бұл іргетас пен жылу жүйесіне қатысты. Сондықтан балалар өзге мектептерге ауыстырылды. Қазір олар №11 мектепте оқып жатыр», - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Оның айтуынша, «Шаңырақтың» оқушылары «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жаңадан мектеп салынғанша №11 мектепте білімін жалғастырады. Жоспар бойынша, ол 2024 жылы қолданысқа берілуі керек. Дегенмен пайдалануға беру мерзімі созылуы да мүмкін.
Қазір қалада 60 мыңға жуық адам тұрады. Халықтың 80 пайызы – орыс халқының өкілдері. Сол себепті халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Құралай Салдықованың айтуынша, Риддердің қазақтары өздерін диаспора санайды.Қалада 16 орыс мектебі және 4 аралас мектеп бар.