«Басымдықта мемлекеттік тіліміз болуы керек»: Қошанов мектепте орыс әдебиетін оқыту жайлы

Аягөз Құрмаш

Ол басқа тілді төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеу керек екенін айтты

«Басымдықта мемлекеттік тіліміз болуы керек»: Қошанов мектепте орыс әдебиетін оқыту жайлы
Фото: parlam.kz

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында орыс әдебиеті пәндерінің сағатын қысқартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Мәжіліс кулуарында журналистер Ерлан Қошановтан депутат Ринат Зайытовтың «орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің сағатын қысқарту» бастамасы жайлы сұрады.

«Менің ойымша, мәселені олай қоймау керек. Әр депутаттың өз пікірі бар. Мәжілісте әлуан түрлі пікірі бар депутаттар жиналды. Біз оларға тыйым сала алмаймыз. Әркімнің өз пікірі бар. Біз бірінші кезекте орыс тіліне тыйым салуымыз керек пе немесе мемлекеттік тілді дамыту керек пе деген мәселені қарауымыз керек. Бұл туралы бұрын да пікірімді айтқан едім.

Біз неғұрлым көп тілді білетін болсақ, соғұрлым өзге мемлекет тұрғындарынан бір саты биік тұрамыз. Орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Бірақ басымдықта мемлекеттік тіліміз болуы керек. Сондықтан мектепті бітірген балаларымыз мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет. Басқа тілдерді дамыту оған кедергі болып тұрған жоқ. Басқа тілдерді төмендету арқылы мемлекеттік тілдің мәселесін шешпеуіміз керек. Барлығын дамытып, мемлекеттік тілге ерекше мән беруіміз керек», - деді Ерлан Қошанов.

Еске салсақ, осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында «AMANAT» партиясының атынан сайланған депутат Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетін оқытуға қатысты пікір білдірген еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.