«40 мыңға жуық тұрғын тұншығып отыр»: депутат Шымкенттің кәріз жүйесін сынады
Ол экологиялық ахуалды қалыптастыру қажеті жайлы айтты
Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласының кәріз жүйесін сынады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасында халықтың табысы мен өмір сапасын арттыру, өмір сүру жағдайын жақсарту және экологиялық жағдайды жақсарту сынды халықшыл бағыттар көрсетілді. «Халықпен бірге!» деп аталатын бағдарламаның басым бағыттарын тиімді атқарып, халықтың сенімін ақтау маңызды іс. Өйткені халық – әділ сыншы! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе» деп елде атқарылатын барша игілікті істер халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталуы керек екенін айқын көрсетіп берді. Шынында, әлемнің озық елдері өздерінің бағдарламасы қаншалықты тиімді екенін адамдардың сапалы өмір сүру салтымен өлшеп жатады», - деді депутат.
Оның айтуынша, Шымкент қаласында Кеңес үкіметі заманында қолданысқа берілген кәріз тазарту имараты ары кетсе 700 мың тұрғынды қамтуға қауқарлы.
«Қазір Шымкенттегі халық саны 1,2 миллион адамға жетті. Егер шаһардың агломерациялық әлеуетін ескеретін болсақ 1,5 миллионнан асады. Бұл тұрғындардың барлығы дерлік су мен кәріз қызметін пайдаланады. Осыны ескерсек, қазіргі кәріз жүйесі қала тұрғындарына толық қызмет етуге толық қуаты жетпейді деген сөз. Шымкент қаласының Ынтамақ, Ынтымақ -1, 2 шағындаударының тұрғындарымен кездесу барысында олардың жанайқайы, тіпті әлеуметтік желідеде кәріз мәселесін көтеріп, қоғамдық пікір тудырып жүр. Жағымсыз иіс тұрғындарға жайсыздық тудырумен бірге экологиялық мәселені өзектендіріп, халықтың денсаулығына әсер етіп, наразылық артып келеді. Аманат партиясының ең басты құндылықтары – адамға жайлы жағдай жасау», - деді ол.
Депутат атағандай, 2023 жылдың қаңтарында кәріз-тазарту құрылғылары кешенінің қосымша имаратының құрылысы басталған.
«2024 жылы кешен тәулігіне 200 000 текше метр ағынды суды қабылдай алады. Кешенді кеңейту бойынша жобаның құны ҚҚС-сыз 3,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен алған несие қарызы (1,75 млрд теңге) және Үкіметтің мемлекеттік қолдау түріндегі субсидиялары есебінен (1,75 млрд теңге) қаржыландырылады.Алайда тәулігіне қосымша 50 мың текше метр суды тазарту шаралары жағдайды толыққанды жақсарта алмайды. Шымкент қаласының бекітілген Бас жоспарына сәйкес, дәл қазір шұғыл түрде қуаттылығы тәулігіне 350 мың текше метр кәріз-тазарту құрылғыларының жаңа кешеніне техникалық-экономикалық негіздеме дайындау қажет. Бұл жұмысты жеделдету керек деп санаймын. Өйткені қазіргі тазарту қондырғыларының қуаттылығы ары кетсе 2028 жылға дейін ғана жетеді», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, бес жылдан бері кәріз жүйесінің қалдығына ғимарат жанындағы орналасқан шағынаудандардың 40 мыңға жуық тұрғындары жағымсыз иістен дем ала алмай тұншығып отыр.
«Жеке учаскеде тұратын жұрттың көбі – көпбалалы отбасылар. Арасында жаман иістен ауру тапқандары да бар. Бұл алдын-ала шешілуі кезек және күттірмейтін шұғыл мәселе екені белгілі.Сондықтан төмендегі ұсыныстарды назарға алуларыңызды сұраймын. Біріншіден, жобалық-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізе отырып, тәулігіне 350 мың текше метр кәріз-тазарту құрылыстарын қабылдау үшін қуаттылығын арттыра отырып, жоғарыда аталған кәріз-тазарту құрылыстары кешенінің қосымша құрылысын салуды шұғыл тәртіппен жеделдету, қаланың Бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізуды және жердің бөлінуін нақты анықтауды; Екіншіден, Жағымсыз иісті тоқтату үшін арнайы химиялық қоспаларды қосатын мекемелерді республикалық деңгейде бақылауды немесе тиімді ұсыныстарды жүзеге асыру қажет. Үшіншіден, экологиялық ахуалды зерттеумен айналысатын Отандық және шетел ғалымдарын тартып, қаржыландыруды және экологиялық ахуалды жақсартып, республикалық деңгейде оң шешімінің табуына және бақылауда ұстауыңызды сұраймын», - деді ол.