$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.09.2023, 09:41
Қоғам

Құрық портында қуаты 1 млн тонналық астық терминалы іске қосылады

Биыл Құрық портына Каспий аймағындағы «жасыл порт» мәртебесі берілді

Құрық портында қуаты 1 млн тонналық астық терминалы іске қосылады
Фото: portaktau.kz

Құрық теңіз портында жылдың соңына дейін астық терминалы іске қосылады. Оның қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін дәнді-дақыл тиеп, бір уақытта 25 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар құру қажеттігін айтты.  Мемлекет басшысы Құрық су айлағын Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруды тапсырды.  

Қазақстанның теңіз порттары – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі буындары саналады. Бұл ретте Құрық портының алар ролі зор. Жыл басынан бері су айлағында әртүрлі жүк ауыстырып тиеу көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өскені байқалады. Заманауи үлгідегі астық терминалы іске қосылған соң, Құрық портының әлеуеті біршама артады.  

«Жұмыс қуаты жылына 1 млн тонна астық өткізуге жететін терминалды қыркүйек-қазан айында іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Астық сақталатын силостар мен жүк ауыстырып тиелетін желінің құрылысы аяқталды. Жаңа терминал Қазақстан-Иран, Кавказ елдері бағыты бойынша және одан әрі үшінші елдерге астық экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Құрық портының директоры Серік Ахметов.

Биыл Құрық портына Каспий аймағындағы «жасыл порт» мәртебесі берілді. Аталған сертификат Қазақстан, Түрікменстан, Әзірбайжан су айлақтары арасында ақпарат алмасуды оңтайландырып, Еуропаның ірі порттарының көлік жүйесіне қосылу үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды көздейді. Президент Жолдауында көтерілген тапсырманың бірі - Ақтау теңіз айлағында контейнерлік хаб құрылысын тездету. Өткен 7 айда порт арқылы 2,6 млн тонна жүк ауыстырылып тиелген. Соның 142 мың тоннасы астық. Сондай-ақ 13 мың контейнер қабылданған.

Серіктес жаңалықтары