«Америкаға барып тұруға да болады»: Ардақ Назаров мектепте хиджаб кию жайлы
Ол мемлекеттің шешіміне бағыну керек деп есептейді
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Парламент палаталарының отырысының кулуарында мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Бұл жыл сайын талқыланатын мәселе. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзі айтып өтті. Зайырлы мемлекет ретінде мемлекетке қарасу керек. Сондықтан бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Өзімнің позициям – мемлекетте қандай шешім қабылданады, сол шешімге бағыну керек. Шешенстанға көшем деп жатыр деген пікірлер болса, әркімнің өз пікірі бар, өзі шешім қабылдайды. Америкаға барып тұруға да болады. Ол азаматтың өзінің пікірі», - деді Назаров.
Депутат азаматтар баласын қай мектепке берсе де құқылы, өз еркі екенін айтты.
Осыған дейін елімізде мектепке хиджаб киіп келуге қатысты дау туындап, Оқу-ағарту министрі оқушылар мектеп формасын киюі керегін айтып мәселенің нүктесін қойған еді.
Оған наразы болған Талғат Рысқұлбек мектепке қызын хиджабпен кіргізбесе, Шешенстанға көшетінін мәлімдеген. Кейін ол қызын жекеменшік мектепке беретінін айтты. Ал министр жекеменшік мектептерге де хиджабпен келуге болмайтынын айтқан еді.