Қазақстанда тозған құбырларды ауыстырудың жаңа әрі тиімді тәсілі ұсынылды
Елімізде шамамен 14 мың км жылумен жабдықтау желілері бар
«Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ инженерлік желілердің жұмысын тоқтатпай, құбырды жаңартудың инновациялық әдісін жаппай қолдауға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елімізде шамамен 14 мың км жылумен жабдықтау желілері бар, олардың орташа тозуы 54%-ды құрайды. Қазақстандағы құбырлардың көпшілігі 1950-70 жылдары пайдалануға берілген.
«Құбырларды қалпына келтіру жөніндегі жобаларды уақытылы іске асыру мақсатында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ заманауи прогрессивті технологияларды қолдану идеясын қолдайды, олардың бірі – «құбырларды траншеясыз санациялау». Қазақстанда бұл әдіс тек дамып келеді, бірақ болашағы зор», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында
Қазіргі кезде Қазақстанда бұл технологияны «Бәйтеректрубпром» ЖШС, «Сан Мир» ЖШС және басқа компаниялар жүзеге асырады.
«Әдістеменің артықшылығы – топырақты ашпай және коммуникация жұмысын тоқтатпай, қолданыстағы желінің ішінде жаңа құбыр құру мүмкіндігі. Санация апат мүмкіндігін жояды, бұл қоршаған ортаны қорғайды және қаржылық тұрақтылықты сақтайды», - делінген хабарламада.
Қарағанды қаласына жұмыс сапары аясында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қалалық құбырлардың техникалық жай-күйі мен жөндеу барысын тексерді.
Бүгінгі күні Қарағанды қаласында технологияны пайдалана отырып, бас кәрізколлекторын қайта жаңарту жүргізілуде, осылайша, аяқталғаннан кейін жалпы ұзындығы 2919 метр болатын екі учаске қайта жаңартылатын болады.