$ 495.95  524.37  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.08.2023, 12:57
Қоғам

Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары республикалық кезеңге жолданады

Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Қызылордада шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Бүгін «Достық» үйінде ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде отбасы институты әрқашан ерекше құрмет пен қолдауға ие болатынын жеткізіп, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, отбасына береке сыйлаған жанұяларға құрмет көрсетті.

«Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін шаңырақ, отан – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасының берік байламы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін де барлық жағдайды жасайды» деген болатын.

Бүгінде облыста отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсіп жатыр. Қазіргі таңда облысымызда он жеті мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері және 34 мыңға жуық көп балалы отбасы бар», - деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Байқауда жеңімпаз атанған отбасының мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы - Ұлы Отан соғысының ардагері. Отан қорғау жолындағы ерліктері үшін түрлі деңгейдегі ордендермен наградталған. Соғыстан кейін 40 жыл есеп саласында еңбек еткен, Қазалы ауданының құрметті азаматы. Бүгінде отбасында 10 бала, 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі тәрбиеленуде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады. Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген. Жалпы өтінім білдірген отбасылардың ішінен қала және аудан бойынша байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Комиссия мүшелері отбасы құндылықтарымен ерекшеленген 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады.

Серіктес жаңалықтары