Атырау облысындағы ауыл мектебінде 1 ғана оқушы қалған

Azattyq Rýhy

Кенбай ауылының тұрғындары мектепті жаппауды сұрайды

Атырау облысындағы ауыл мектебінде 1 ғана оқушы қалған
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысындағы Кенбай ауылының тұрғындары жалғыз мектептің жабылуына қарсы. Білім ордасы болмаса, ауыл құриды, дейді жұрт. Ал биліктегілер бала саны аз мектепке қыруар қаржы жұмсай алмайтындарын айтады. Есесіне, елдімекенге газ құбырын тартуға миллиардтар бөлген. Ол жобаның өзінен шикілік шығып, қазір құрылыс тоқтап тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Кенбай ауылындағы жалғыз мектеп 34 жыл бұрын салынған. Алғашында бала саны көп болған білім ошағында қазір оқушы азайды. Сол себепті жауаптылар ғимаратты жауып тастамақ. Бұл шешімге ауыл халқы түбегейлі қарсы.

«Мен күйеуімнің жалғыз айлығына кәмелетке толмаған 4 баламен қалалық жерде тұра алмаймын. Сол үшін осы жерде тұрып жатырмын. Мен ауылым үшін, осы жер үшін шырылдап тұрмын. Сол үшін мектепті жаппауларын мен талап етемін. Бала жоқ, бала жоқ дейді. Бер жағында өсіп келе жатқан 10-ның үстінде бала бар. Мектеп жоғалып кетсе, біздің ауыл жоғалып кетеді», - дейді ауыл тұрғыны Айсара Әбезбаева.

Биылғы оқу жылында білім ордасының табалдырығын 1 бала ғана аттайды. Тұрғындардың сөзінше, қазір жабылғалы тұрған нысанның жөндеуіне осыдан 3 жыл бұрын 40 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

Малмен жан баққандарға жұмыссыздық да жығылған үстіне жұдырық. Мектеп жабылса тағы 11 адам 2 қолға 1 күрек таппай қалады. Білім басқармасындағылар, халықтың пікірін ескеріп, жаңа оқу жылына дейін тиімді шешім шығарамыз, дейді. 

«Қаржылық бағытынан алып қарағанда, бір балаға бірнеше персоналды ұстап, бір мектепті ұстап тұру қиындық тудырып отыр. Жалпы халықтың ұсыныс пікірін ескеріп, әрі қарай мәселені дұрыс оңды бағытта шешуде талап қойғалы отырмыз», - дейді Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.

Мектеп жабылса, ауылдың тең жартысы көшуге мәжбүр болады. Сонда бюджеттің миллиардтары кеткен, газ бен су құбыры да керексіз болып қалады, дейді жұрт. Үкіметтегілер инфрақұрылымнан бөлек, білім ордасының мәселесін де назарға алса деген тілекте.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.