ШұғылҚазақстанда тағы 1962 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Крематорий жоқ: коронавирус құрбандары арнайы полигонда жерленеді

Елде кремация бойынша қызмет көрсететін ондаған компания бар

Қазақстанда крематорий салу мәселесі 1987 жылдан бері оқтын-оқтын көтеріліп отырған. Алайда, бұл мәселе қоғамнан қолдау таппай, кейін шегеріліп отырған. Соңғы рет Алматы қаласында крематорий құрылысын бастау туралы 2011 жылы нақты жобалар әзірленген. Сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов бұл жобаны инвесторлармен талқылап, нақты шараларды қолға алған шақта тағы да қарсылыққа тап болады. Алматы қалалық Мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов Azattyq Rýhy  тілшісіне крематорийдің дәл бүгінгі күндегі маңыздылығы туралы айтып берді.   

КРЕМАТОРИЙ САЛУДЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Салттық қызмет көрсету саласы маманының айтуынша осыдан тоғыз жыл бұрын қалада крематорий салу мәселесі қатты талқыланды. Алатау ауданындағы Алғабас елдімекеніне жақын, Боралдай қорымының маңынан жер телімі де қарастырылған. Қала әкіміне еуропа елдерінен, соның ішінде  Чехия мен Германиядан келген инвесторлар өз жобаларын ұсыныпты. Тіпті, кремация жасауға арналған қондырғылардың да бірнеше нұсқасын көрсетіп, кешеннің жобасы жасалған. 

«Есімов әкім болып тұрғанда бізге бұйрық берілген. Біз бұл туралы ақпараттарды жинап, тіпті техникалық экономикалық негіздемесін (ТЭН - автор) жасап апардық. Алайда Қазақстан мұсылмандары одағы төрағасы Мұрат Телебеков, кейбір қоғамдық ұйымдар да қарсы шықты. Телеарналарда, БАҚ беттерінде қатты резонанс туды. Содан соң жұмыстардың бәрі тоқтап қалды. Одан кейін Алматыда крематорий салу мәселесі күн тәртібінен мүлде түсті», - дейді Марат Исмаилов.

Ол жерде кремациялық алаң екі зонаға бөлінді. Біріншісіне адам биомассасы, екіншісінде жануарларға арналған және биоқалдықтарға арналған өртеу қондырғылары қойылуы керек еді. Қондырғыларды шетелдіктер 4 млн 600 мың еуроға бағалады. Ал жалпы жоба, соның ішінде ғимарат салу, коммуникация өткізу және әлгі қондырғыларды қосқанда 600 млн теңгеге бағаланған.

«Енді әлемде коронавирус мәселесі күн тәртібіне шыққанда Жапонияда, Кореяда, Қытайда ол жағынан жұмыс көбейгенін көрдік. Ал бізде адам мүрдесін айтпағанның өзінде, инфекциялық аурудан шыққан қалдықтарды өртейтін орын керек екенін түсініп отырмыз. Крематорий салу дәл қазір қымбаттап кетті. Осыдан он жыл бұрын бұл сұрақ қолдау тауып, салынып кеткенде, шамамен, 300-600 млн теңге кетер еді. Қазіргі уақытта оның құны 1 млрд теңгеден асады.  Коронавирусқа қарсы төтенше жағдай енгізілген соң, оның қажеттілігі туындап отыр. Себебі, адам мүрдесінен тыс, дәл қазіргі жағдайда, медициналық маскаларды ел қалай болса, солай тастап жатыр. Қай жерге қалдырып жатыр сонда? Оның утилизациясын ешкім бақылап отырған жоқ. Одан тыс, дәрігерлердің халаттары, залалсыздандыру үшін киілетін киімдері жаппай өртелуі тиіс», - дейді салттық қызмет көрсету комбинатының өкілі.

ТУЫСТАРЫНА ҚОШТАСУ РӘСІМДЕРІН ДЕ ЖАСАТҚЫЗБАЙДЫ

Қалада әрбір медициналық мекеме биоқалдықтарды шығаратын арнайы компаниялармен келісімшарт жасасқан. Олар ай сайын осы жұмысқа қаражат төлеп отырады.

«Анықтау, емдеу, оқшаулау жұмыстарына жауап береміз. Ал адам коронавирустан қайтыс бола қалған жағдайда, оның СЭС-пен (санэпидемиологиялық станция - автор) келісілген алгоритмі бар. Естуімше, әкімдік арнайы жер телімін бөліп қойған, қайтыс бола қалса, сол жерге жерленеді, жалпыға арналған қорымдарға жерлемейді. Қоштасу рәсімдерін де жасатқызбайды. Мен өз тарапымнан оның орнын заласыздандыру, дәрігерлерге, басқа жұмысшыларға жұғып кетпеу мәселесіне жауап беремін», - дейді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басышысы.

ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯДАН ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАРДЫ ЖЕРЛЕУ АЛГОРИТМІ

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жақында коронавирустан қайтыс болған жағдайда жерлеу рәсімдерінің механизмі жасалғанын айтқан болатын. Министр оның халықаралық стандарттарға сәйкес бекітілгенін атап өтті.

Ал Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритм бойынша жұмыс жасалатын болады. Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі қалалық Коронавируспен күресті үйлестіру штабына ұсынылып, бекітілген. Оның тәртібі бойынша марқұмның жерлеуге қатысатын туыстарына, жалпы жамағатқа жұқтырмау басты назарда болады.

«Бізде алгоритм бекітілген. Ол қолымызда бар. Аса қауіпті инфекциямен ауырып қайтыс болғандарға қатысты кремация жасалуы керек. Бірақ ол біздің елде жоқ. Өлікті сою процедурасы жасалмайды. Дезинфекциядан соң, жерлейтін арнайы полигонға апарып жерлеу жағдайлары жазылған алгоритм қолымызда тұр. Адамның жаназасы моланың басында шығарылады, жерлейтін арнайы топ құрылып, оларға арнайы қорғау киімдері беріліп, белгілі жұқпалы аурудың алдын алу ережелерін сақтай отырып, іске асырылады. Жерлеу рәсіміне эпидемиолог дәрігерлер қатысып, басқарады. Жерлеу біткесін жерлеу тобы медициналық бақылауға алынып, тексеріледі»,- дейді Алматының бас санитар дәрігері.

ЕЛДЕ КРЕМАЦИЯ ЖАСАУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Алматы қалалық Мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаиловтың айтуынша, елде кремация бойынша қызмет көрсететін ондаған компания бар. Алайда, олар өздерін жарнамалаудан аулақ. Комбинат мамандары кремация жасаудың құнын есептеп көрген. Кәсіпорындар бұл процедураны негізінен, Ресейге апарып жасатады. Мұндай қызметтің құны қазақстандықтар үшін Новосибирск қаласында 180 мың теңге, ал  Барнаул қаласында 120 мың теңге тұрады.

«Осы күні де қазақтар да, татарлар да, еврейлер де біздің комбинатқа келеді. Олар өлген туыстарының мәйтіне кремация продедураларын жасатқысы келеді. Мұсылмандар да келеді. Алматыда жеке компаниялар бір айда шамамен, 4-5 қызмет көрсетеді. Олар Ресейге апарып, кремация жасап әкеледі», - дейді  арнайы комбинаттың өкілі.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Сұхбат
Себебі су тасымалдайтын ирригациялық жүйенің әбден тозығы жеткен 
Юрий Ким адамдарды жаппай егу нәтижесінде індет 2023 жылы тоқтауы мүмкін дегенді айтты
Бүгінге дейін облыста COVID-19  вирусын жұқтырған 613 адам тіркелді
Бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тоқтады