ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 820 адам коронавирус жұқтырған

Қазақстанда 46 нысанға қауіп төніп тұр

Әскери қоймалар туралы 

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі әскери қоймалар жанындағы тыйым салынған аудандар бойынша заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін талқылады. Аталған өзгерістерге былтырғы Арыс қаласындағы жарылыс себеп болып отыр.

Жиналыста Депутат Сергей Звольский қазір елімізде әскери қоймалар жанындағы тыйым салынған аумақтарда 40-тан аса азаматтық және өндірістік инфрақұрылым нысаны бар екенін мәлімдеді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев бұл ақпаратты нақтылап, қауіпті қоймалардан қару-жарақ көшірілетінін айтты. 

«Қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын 46 нысанның айналасына адамдар тұрып жатқан үйлер, шаруа қожалықтары, өндірістік ғимараттар салынған. Бізде барлығы 58 қойма бар. 12 нысан бойына қазір тиісті шаралар қабылданды. Ондағы ірі калибрлі қару-жарақтар қауіпсіздікпен қамтамасыз етілген басқа қоймаларға көшірілді. Ал қалған 46 нысандағы утилизацияға жататын жарақтардың көзін жоямыз, қолдануға болатынындарын көшіреміз. Осылайша, тыйым салынған аймақтардың аумағы азаяды», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, келер жылы Қарағанды облысы мен Ақтөбедегі Жем қаласында екі ірі әскери база салынады. Одан бөлек, қару-жарақ сақтау үшін 6 қойманың құрылысы басталады.

Айтпақшы, заңға енгізіліп жатқан өзгеріс бойынша енді тыйым салынған аймақтарды белгілеу құқығы Қорғаныс министрлігі құзырынан алынып, Үкіметке берілмек. Депутаттардың пікірінше, бұл әкімдіктерді бұйрықты бұлжытпай орындауға мәжбүрлейді.

Жаңа ережелерге байланысты әскери қойманың айналысындағы нысандардың қашықтығы ондағы қару-жарақтың қауіптілік деңгейіне байланысты болмақ.

«Егер қару-жарақтың қуаты күшті болса, соған қатысты тыйым салынатын ауданның аумағы кеңейеді. Ірі калибрлі қарулар аз орналасып, оның қоршаған ортаға әсері төмен болса, тыйым салынатын аумақ та аз болады. Қорғаныс министрінің қазіргі бұйрығына сәйкес, ол аумақтар халық пен қоршаған ортаға тигізер әсерін есепке алмағанда, 300-400 метр болып нақты белгіленген», - деді Қорғаныс вице-министрі Б. Құрманбаев бұл туралы.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан