Алматыда тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді
Қалған сауда орындары түгел жабылады
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың сөзінше, азық-түлік және дәріханалардан басқалары 26 наурыздан бастап жұмыстарын тоқтатуы тиіс.
«Ертеңен бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Барлық азық-түлік және дәріхана желілері штаттық режімде жұмыс істей береді. Өзге сауда және қызмет көрсету орындары уақытша жабылады», - деді С.Тұяқбаев.
Бұл шешімді мемлекеттік комиссия қабылдаған. Қала әкімінің орынбасары қызметін тоқтататын орындарды тізбектеп берді.
«Автосалон, фотосалон, автобөлшектерді сату, гүл сату павильондары, сондай-ақ, химиялық тазалау, оптика, көлік жуу орталықтары, ломбард, жылжымайтын мүлік қызметі, автокөлік жөндеу орталықтары жұмысын тоқтатады», - деді әкім орынбасары.
Ал, тіс емханалары жабылмайды. Жұмысы уақытша жабылатын орталықтардың тізімінде караоке, бар сынды ойын-сауық орындары, фитнес клуб, бассейн секілді спорттық нысандар да бар. Мұның барлығы адамдардың байланысуы, жиналуын барынша азайту үшін қолға алынған шара.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы