$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.03.2020, 12:26
Қоғам

Қазақстанда кез келген жерде бір адамдық пикет өткізуге рұқсат етілуі мүмкін

Депутаттар бір кісілік пикет өткізуге болмайтын орындар заңда нақты көрсетілу керек деп есептейді

Қазақстанда кез келген жерде бір адамдық пикет өткізуге рұқсат етілуі мүмкін
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Бүгін Мәжілісте алғашқы оқылымнан мақұлданған «Бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібі» туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Евгений Козлов Қазақстанда бір адамдық митингтерді (пикет – авт.) кез келген жерде өткізуге рұқсат беруді сұрады. Оның айтуынша, пикет өткізуге тыйым салынған «аса маңызды нысандар» заңда көрсетілуі тиіс.

«Көп адам жиналатын митингтердің арнайы белгіленген орындарда өткізілетіні ақылға қонымды. Бірақ бір кісілік пикеттер басқа жерлерде өтсе, оған шыққан жалғыз адам айналаға қауіп төндіріп, инфрақұрылымға салмақ сала қоймайды. Сондықтан біз бір адамдық пикеттерді тек арнайы орында емес, ерекше маңызды нысандардан басқа кез келген жерде өткізуге рұқсат берілуі тиіс деп есептейміз. Ол ерекше маңызды нысандарды заңда атап көрсетуге болады», - деді Евгений Козлов Мәжілістің жалпы отырысында.

Митинг жайлы заң жобасын дайындаған ведомство басшысы Дәурен Абаев арнайы белгіленген орындар азаматтың талабын қажетті органдардың естуіне мүмкіндік беретінін айтты.

«Расымен, қоғамдық пікірге сүйенсек, қазір бір адамдық пикетке деген қажеттілік артып келеді. Сондықтан бұл мәселені қарастыруға дайынбыз. Дегенмен, пикет өткізуге болмайтын орындарды белгілеу қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі», - деп пікір білдірді Д. Абаев.

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин заңда пикет өткізуге тыйым салынатын жерлерді нақтылап көрсетуді сұрады.

«Шектеу аумағы деген болу керек. Бір кісілік пикеттерді өткізуге тыйым салынатын жерлер бар. Біз бұл туралы азаматтық қоғам өкілдерімен де, Үкіметтік емес ұйымдармен де сөйлестік. Ол – стратегиялық, әскери және тағы басқа нысандар. Бұл тізімді заңда нақты көрсету керек. Заңға қатысты актілерге емес, заңның өзіне жазып қою қажет», - деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы бұған қатысты бірқатар әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, мысал келтірді.

«Мәселен, Германияда митингтерді, пикеттерді өткізуге болмайтын географиялық аумақтар белгіленген. Оған астаналық үкіметтік квартал, канцлердің резиденциясы, Бундестаг, тағы басқа нысандар жатады. Ұлыбританияда парламенттік сессия кезінде Вестминстер сарайы аумағында ондай жиналыстар өткізуге мүлдем тыйым салынған. Осындай мысалдар өте көп. Біз бұл мәселеде ұялмауымыз керек. Бұл норма бассыздық реттінде бағаланбауы тиіс», - деп түсіндірді ол.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары