Атырау әкімдігі жергілікті тұрғынның үйін заңсыз салды деп бұзып тастамақ болды: оған сот араша түсті
Атырауда сот жер теліміне қатысты әкімдіктің шешімін заңсыз деп таныды
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қала әкімдігінің тұрғын үй құрылысына берілген эскиздік жобаны келісудің күшін жою туралы шешімін заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, 2020 жылы Атырау тұрғыны ауданы 45 шаршы метр тұрғын үй мен 0,0679 гектар жер телімін жеке меншікке сатып алған. 2023 жылы жер телімінде жаңа тұрғын үй салуға сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) беріліп, 2024 жылы эскиздік жоба келісілген. Құрылыс аяқталғаннан кейін үй мен жерге меншік құқығы тіркеліп, нысан пайдалануға берілген.
Алайда сол жылы қала әкімдігі СЖТ шарттарының орындалмауына сілтеме жасап, эскиздік жобаны келісудің күшін жою туралы хабарлама жіберген.
Меншік иесі бұл шешімге келіспей, сотқа жүгінді. Сот құрылыстың мемлекеттік органдардың келісімі мен рұқсаттарына сәйкес заңды түрде жүргізілгенін анықтап, әкімдіктің әрекеті азаматтың Конституцияда бекітілген меншік құқығын шектейтінін атап өтті.
«Осыған байланысты сот жер қатынастары бөлімінің бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жойды. Мемлекеттік орган апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Соттың қорытындысы бойынша, қолданыстағы заңнамада бұзушылықтар болмаған жағдайда бұрын берілген келісімдердің күшін жою қарастырылмаған. Шешім заңды күшіне енді және орындалды», – делінген сот хабарламасында.