Араға 19 жыл салып, «Азия дауысы» фестивалі қайта жаңғырды
Азия дауысының алғашқы күні отандық өнер жұлдыздары мен танымал тұлғалар шақырылған

19 жылдық үзілістен кейін «Медеу» мұз айдынындағы өнер шарасы дәстүрлі форматтан өзгеше ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Медеу мұз айдыны үш күн әнмен әрленеді. Қайта жаңғырған Азия дауысы бұрыңғыдан да ауқымды. Ұмыт болған фестивальдің бірінші күнінде Moldanazar, RaiM, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, Мархаба Саби отандық өнер жұлдыздары сахнаға шықты. Астанадан арнайы келген мәдениет және спорт министрі де қатысты.
«Бұның жалғасы болады деген ниетіміз бар. Сол үшін біз демеушілермен сөйлесеміз. Келесі жылы болса халықаралық деңгейде өтеді деген ешқандай күмәніміз жоқ. Өйткені, өзіміздің түркі тілдес мемлекеттердің, көрші мемлекеттердің әртістері, дарынды балалары, жұлдыздары келіп, осы сахнада өнер көрсетсек деген ниет білдіріп келе жатыр», деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Ұмыт болған фестивальдің басты демеушісі Halyk банкіне биыл 100 жыл.
«Азия дауысы –еліміздің дәстүрін көрсететін фестиваль. Бұл жас таланттарды танымал етіп, сүйікті әртістерді тыңдармен қауыштырады. Сонымен қатар, фестиваль Орталық Азиядағы ең үлкен шара болады, деп ойлаймын. Біз осы фестивальдің қайта оралуын қолдау арқылы мәдениетке үлес қосамыз. Біз бұдан бөлек Ақтауда және Семейде үлкен фестиваль өткіземіз», дейді HALYK Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Азия дауысының екінші, үшінші күндері әлемге танымал әншілермен әрлене түседі. Бүгін америкалық The Black Eyed Peas тобы сахнаға шықса, ертең швециялық Secret Service фестивальді қорытындылайды.