$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.07.2023, 21:48
Қоғам

Атырау облысында ауруханалардың кәсіпкерлерге қарызы 1,4 млрд теңгеден асады

Соңғы 2 жылда 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделді

Атырау облысында ауруханалардың кәсіпкерлерге қарызы 1,4 млрд теңгеден асады
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысында ауруханалардың кәсіпкерлерге қарызы 1,4 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің мемлекеттік сатып алу жоспарына мониторинг жүргізілген.

«Мониторинг қорытындысымен соңғы 2 жылда 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Мәселен, Геолог елді мекеніндегі емханада мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 30 медициналық кресло сатып алу жоспары болған. Департаменттің ұсынысымен бұл емханада 24 млн теңгеден астам қаржы үнемделіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты кей ауруханалар 208 бизнес субъектісіне қарызы – 1 млрд 449 млн 565 мың 646 теңге», -деп хабарлады Ерұлан Серікқалиев.

Оның айтуынша, биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлермен сыбайлас жемқорлық тәуекеліне 118 мәрте ішкі талдау жүргізілген.

«Мәселен, №2 облыстық ауруханасының комплаенс-офицері жүргізген талдаудың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу менеджерінің тарапынан заң бұзушылық анықталды. Ауруханада мемлекеттік сатып алу бойынша 2021 жылы 67 млн теңге, ал былтыр 10 млн теңге бюджет қаражаты талан-таражға салынған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің комплаенс-қызметкерлері 8 құқық бұзушылықты анықтап отыр. Мұнда оқытушылардың «Платонус» жүйесі арқылы онлайн форматта студенттер атынан емтихан тапсырғаны, үлгерімі нашар студенттердің бағасын көтеру мақсатында мәжбүрлі түрде ақшалай сыйақы алу дерегі тіркелді», -деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.

Серіктес жаңалықтары