ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 820 адам коронавирус жұқтырған

«Яндекс» пен Bolt: жекеменшік таксилер дезинфекция жүргізе ме?

Жекеменшік таксиге отыру жолаушының өз құқығы

COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында Ресей мен Қырғызстан елдері жолаушыларды тасымалдайтын жүргізушілердің көліктерін дезинфекциялауды қолға алды. Коронавирустың таралу ошағы әуежайлар мен вокзалдар екенін ескерсек, көлігі жоқ жолаушылар үйлеріне такси қызметтеріне пайдалану арқылы жетеді.

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары қызметін жиі пайдаланатын «Яндекс», Bolt компанияларының көліктеріне дезинфекция қалай жүргізілетінін білді.

«Біздің кеңседегі қызметкерлердің барлығы қазір қашықтан жұмыс істеуге көшті. Жүргізушілерге «Маска киіңіздер, көлікке отырар кезде дезинфекция жүргізіп, есік тұтқасын, қол тиетін жерлерді тазалаңыздар» деп ескерттік. Сондай-ақ, ақша төлеген кезде қолма қол төлем емес, карта арқылы төлем қабылдауды ұсындық. Жүргізуші клиент тапсырыс берген кезде оның төлемді қалай жасайтынын көре алады, ал қолма қол төлемді қабылдау немесе қабылдамау - жүргізушінің өз еркі. Бұл жүргізушінің белсенділігіне еш әсер етпейді. Қосымшамыз арқылы біз компаниямыздың қызметін тұтынушыларға көліктің арт жағына отыру қажет екенін және міндетті түрде маска киіп, төлемді карта арқылы жасауды ұсынудамыз», - деді Bolt компаниясының  операциялық маманы Еспек Айдын

Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында да жоғары сұранысқа ие ресейлік «Яндекс.Такси» компаниясы қарайтын таксопарк өкілінің айтуынша, жүргізушілерге көліктерін дезинфекциялау туралы күнделікті SMS хабарлама жіберіліп отырады.

«Жүргізушілер көліктеріне дезинфекцияны өздері жүргізеді. Біздің тарапымыздан оларға SMS хабарлама жіберіледі. «Қолғап, маска киіңіздер. Көліктеріңізді жиі желдетіңіздер» деп хабарлама жібереміз», - деді өзін Арман деп таныстырған компания өкілі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаеваның айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы аялдамалар мен жолаушы көліктеріне тұрақты түрде дезинфекция жүргізілуде.

«Біз аялдамаларға, қоғамдық көліктерге дезинфекция жүргіземіз. «Астана» таксопаркі ғана біздің қарауымызға кіреді. Олардың жүргізушілері міндетті түрде маска киіп, көліктерінде дезинфекция жүргізеді. Ал көшедегі таксилер немесе сіз айтып отырған «Яндекс», «Болт» таксилері қалалық әкімдікке қарамайды», - деді маман.

Айта кетейік, Ресейлік Regnum.ru порталының хабарлауынша, 18-ші наурыздан бастап «Яндекс.Такси» компаниясы Шереметьево әуежайындағы жүргізушілеріне тегін маска мен дезинфекциялық құралдарын таратуды қолға алған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан