ҚМДБ: Мешітке жұма намазына кіргізуді талап еткендер – жаңаөзендіктер
Эксклюзив

Бүгін әлеуметтік желілерде бір топ сақалды азаматтардың мешіт маңына жиналып, намаз оқу үшін ішке кіргізуді талап еткен видеосы тарады.
Бейнетүсірілімде ер адамдар бетперде таққан өзге бір адамнан 3 минутқа болса да, құлшылық орнына кіріп шығуға рұқсат сұрап тұрғаны көрсетілген. Алайда, әкімдік қызметкеріне ұқсас азамат елде төтенше жағдай жарияланғанын, соған сәйкес адамдардың топтасып құлшылық жасауға болмайтынын түсіндіруге тырысқан.
Azattyq Rýhy тілшісіне ҚМДБ Баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбай бұл жағдай қай жерде болғанын айтып берді.
«Бұл оқиға бүгін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қалалық мешітінде болған. Жергілікті жамағат жұма намазын оқуды өтінген. Имамдар жамағатқа жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оларға елдегі төтенше жағдайға байланысты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шығарған пәтуасын жан-жақты түсіндіріп берді. Мақсат - халық денсаулығын сақтау және жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу. Жамағат ішіндегі ақсақалдар өз қателіктерін түсініп, жастарды бүлік шығармауға шақыруда. Түсіндіру жұмыстары тұрақты жүзеге асуда», - деді ҚМДБ Баспасөз қызметінің жетекшісі.
Көп ұзамай сол жиынға қатысқан азаматтардың бірі видеоүндеу жазып, халықтан кешірім сұрады. Ол бұл әрекеттерінің қате екенін айтады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы