ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 67 адамнан коронавирус анықталды

СҚО-да карантин бекеттері ашылды

СҚО аумағына кіретін азаматтар туралы мәліметтер базасы жүйеленіп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Тайынша, Айыртау, Ақжар, Шоқан Уәлиханов және Жамбыл аудандарында алты карантин бекеті жұмысын бастады. Енді көлік жүргізушілері мен жолаушылар бақылаудан өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Патрульдік полиция және көші-қон қызметкерлері автокөліктер мен жолаушыларды тексереді.

«Короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін кешенді іс-шаралар жүргізу қажеттілігіне байланысты азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шаралар қабылдануда. Облыстық жедел штабтың тапсырмасы бойынша ашылған карантин бекеттерінде коронавируспен күрес жүргізетін барлық қызметтердің іс-әрекетін үйлестіру шеңберінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірімізге кіретін азаматтар туралы мәліметтер базасы жүйеленуде», - деді СҚО Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.

Бекеттерде полиция өкілдерімен қатар медицина қызметкерлері де кезекшілік атқарады. Жолаушылар арнайы сауалнама толтыруға міндеттеледі. Оның басты мақсаты – сыртқа шығатын азаматтардың байланысын және тұрғылықты мекенжайын білу.

«Аталған іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлері медицина мамандарына толық көмек көрсетуі тиіс, әдеп сақтай отырып, аталған шаралардың қажеттілігі туралы сабырмен түсіндіруі қажет. Бұл жұмысқа түсіністікпен қараған барлық азаматтарға алғыс білдіреміз. Бірлескен жұмыстың тиімділігі көбінесе халықтың өзін-өзі ұстай білуіне байланысты» - деді облыстық ведомство басшысы.

Бүгінгі күннің өзінде «Келлеровка» карантин бекеті арқылы 40 автокөлік өткен.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО