Назарбаев енді өз атындағы оқу орындары мен жеке қордың кеңесін басқара алмайды
Сенат депутаттары тұңғыш президентті тағы бір мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады
Сенат депутаттары Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» жоғары қамқоршылық кеңесінің төрағасы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Кәсіптік біліктілік туралы» ҚР Заңына – ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңы аясында негізгі жобаға сәйкес келтіруге бағытталған бірқатар заңнамалық актіге өзгеріс енгізуді мақұлдады.
Атап айтқанда, екінші құжатты іске асыру үшін Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне, бірқатар заңға, соның ішінде «Назарбаев Университетінің», «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» және «Назарбаев Қорының» мәртебесі туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Бұған дейін Жоғары қамқоршылық кеңестің бірінші төрағасы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев болып келді.
Осы ретте, Сенат депутаттары мақұлдаған заңда «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылады:
«Жоғарғы қамқоршылық кеңестің төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын адам болады. Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережені Жоғарғы қамқоршылық кеңестің төрағасы бекітеді».
Сонымен қатар дарынды балаларды зияткерлік мектептерде оқытуға ақы төлеу оларға конкурстық негізде Қазақстан Республикасы Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындау арқылы жүзеге асырылады. «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен көлемін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.