Ұлттық құрылтай аясында секция отырыстары өтті

Azattyq Rýhy

Басқосуда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» тақырыптары қаузалды

Ұлттық құрылтай аясында секция отырыстары өтті
Фото: Azattyq Ruhy / Марат Қалдыбаев

Түркістанда Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы аясында осындай тақырыптарда жұмыс секциялары өтті. Әрі Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру үшін арнайы жоспары әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Биылғы Ұлттық құрылтайдың жұмысы екі күнге жоспарланған. Бүгін Құрылтай мүшелері үш топқа бөлініп, секциялық жиындар өткізді. Алғашқысы – қоғамдық консолидация, яғни қоғамды біріктіру тақырыбына арналды.

«Бұл жерде тек қоғамдық біріктіру ғана емес, ұлттық біріктіру жөнінде де мәселе көтеруіміз керек. Ол екі бағытқа бөлінеді. Біріншіден, мемлекеттік институттарды қалыптастыру. Екіншіден, ұлттық идеямызды таңдау және іске асыру», деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Азат Перуашев.

Отырысқа Президент әкімшілігі басшысының орынбасары әрі Ұлттық Құрылтайдың хатшысы Аида Балаева модераторлық етті. Былтыр ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алған Құрылтайдың тиімді диалог алаңына айналып үлгергенін айтты.

«Кері байланыс үшін Ұлттық құрылтайдың әлеуметтік желілерде парақшалары жұмыс істейді. Осылайша ҰҚ елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникацияның әр түрін қамту арқылы ашық әрі тиімді алаңға айналуда», дейді  ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева.

Осы үшін былтыр желтоқсанда Ұлттық құрылтайдың арнайы мобильді қосымшасы да ашылған. «Электронды сервиске түсетін ұсыныстар 11 санат бойынша топтастырылады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. Осы күнге дейін қосымша арқылы халықтан 400-ден астам өтініш түскен.

«Олардың ішінде ең көп дауыс жинаған ұсыныстардың қатарында банктегі шотты бұғаттауды алып тастау, банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азық-түліктің жоғары бағасына байланысты баға шектеулерін енгізу, жалақыны көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ЛГБТ-ны интернетте насихаттауға тыйым салу сияқты тақырыптар бар», деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Азаматтардан түскен ұсыныстардың саны көп, тақырыптардың ауқымы кең. «Демек азаматтар мемлекет халық пікірімен санасатынын түсіне бастады», - дейді Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары.

«Құрылтайдың негізгі мақсаты – ұлтты, қоғамды ұйыстыру. Қоғамды мазалаған мәселелер турасында тек қана билікте жүрген, парламентте, мәслихатта жүрген адамдардың ғана пікірін емес, жалпы халықтың пікірін білу. Халықты не мазалайды, оны қалай шешу жолдарын ұсына алады және біз оны қалай бірлесе жасай аламыз?», деді  ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай.

«Qazaqstan» телерадио корпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, «Ұлттық құрылтайға жиналған азаматтардың ортақ мүддесі – мемлекеттің дамуы үшін идея қосу». «Алайда әр қоғам өкілінің өз миссиясы да бар», - деді.

«Мысалы, депутаттар бұл жерге қандай жаңа заң керек мемлекетімізге? Мемлекеттік қызмет өкілдері, мемлекеттік органдардың өкілдері осы жерге өздерінің қызметтерін қалай жетілдіру керек деген сұраққа жауап іздесе, біз БАҚ-ның жетекшілері өзіміздің жұмысымызда қандай идеяларды негізге аламыз, қандай спикерлердің сөздеріне тоқталамыз деген сияқты әркім өздерінің миссиясымен келіп отыр», деп сөзін сабақтады «Qazaqstan» ТРК басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Бүгін өткен үш жұмыс секциясы – Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көрінісі», - дейді сарапшылар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.