$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.03.2020, 18:44
Қоғам

Нұр-Сұлтанда карантин: қалаларалық автобустар жүрмейді

Елорда басшысы тұрғындарды карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырды

Нұр-Сұлтанда карантин: қалаларалық автобустар жүрмейді

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.

«Азаматтардың қауіпсіздігі үшін карантин енгізуді ұсындық. 19 наурыз сағат 00:00-ден бастап елорда аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз - шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейеді. Автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысы тоқтайды. Елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады. Барлық кіріп-шығатын жерлерде коронавирусқа күдігі бар адамдар үшін қосымша пункттер орнатылады», - деді А.Көлгінов.

Алтай Көлгінов қала тұрғындарын карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырды.

«Коменданттық сағатта үйден белгіленген уақытта ғана шығуға рұқсат беріледі. Ал карантин – ол шектеу қою. Яғни, азаматтар қажет болмаған жағдайда шоғырланған орындарға баруды шектеу керек. Өздеріңізді тәртіпке шақырып, Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауын қатаң сақтауды сұраймыз», - деді ол.

Мегаполис басшысы карантин күндері азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен көлік жуатын жерлер ғана жұмыс істейтінін ескертті. Қалған нысандар уақытша жұмысын тоқтатады.

«Ойын-сауық орталықтарының 12-сі де жұмысын тоқтатады. Мысалы, Mega Silk Way жалдаушылардан жалақы алуды тоқтатты. Азаматтарына айлығының 75 пайызын төлейтін болды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары уақытша жұмысты шектейді. Шұғыл мәселе болмаса, ол жаққа бармауды сұраймыз», - деп айтты А.Көлгінов.

Ал базарларда, тамақтану орындарында, вокзалдарда, әуежайларда санитариялық-дезинфекциялық бақылау күшейтіледі. Медициналық тексеруден бас тартқан, ауырғандар туралы қолда бар ақпаратты жасырғандар жазаланады. Қала аумағында патрульдік бақылау күшейеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары