ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 67 адамнан коронавирус анықталды

Алматыға кіріп-шығатын жолдарда 27 блок бекеті орнатылады – Сағынтаев

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіледі

Алматының карантинге жабылуына байланысты қалаға кіріп-шығатын жолдарда 27 блок бекеті орнатылмақ. Өткізу бекеттерінде патрульдік полиция кезекшілік жасап, оны арнайы жасақ пен ҚР Қарулы күштерінің «Гранит» полкі және Ұлттық гвардияның сарбаздары күзетеді.

Коронавирустың тарау қауіпінің жоғары болуына байланысты Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға үндеу жолдады. Үкімет қаулысы бойынша карантин наурыздың 19-ынан бастап күшіне енеді. 

«Қалаға қажетті тауарлар, тамақ, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, қорғаныс құралдары мен қорғаныс гигиеналық заттары үшін «жасыл дәліз» құрылатын болады», - деді Сағынтаев.

Сондай-ақ, карантин кезінде төмендегідей шаралар іске асырылады:

  • Мегаполисте өзін-өзі оқшаулау және үй карантині механизмдері арқылы эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды жүргізу.
  • Көшелерді, тротуарларды жуу және дезинфекциялау арқылы жұқтыру орындарын бұғаттау.
  • Қоғамдық орындарда, тұрғын үйлерде санитарлық-эпидемиологиялық дезинфекцияны күшейту және іргелес аумақтарды санитарлық тазалау.
  • Азаматтар мен автокөлік құралдарының Алматы қаласы аумағына кіріп-шығуын шектеу.
  • Алматы қаласына кіреберістерде 27 блок бекеттерін орнату.
  • Блок бекеттерінде Патрульдік полиция полкінің, СОБР-дың, «Гранит» полкінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылады.
  • Сонымен бірге, қалаға бірінші қажеттіліктегі тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерді, жеке қорғану және гигиена  құралдарын әкелу үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылады.

«Құрметті алматылықтар! Біздің әрқайсымыз үшін аса жауапты сәт туды. Карантин режиміне орай, мегаполистің бүкіл тіршілігі жаңа ереже талаптарына сәйкес қайта құрылады. Карантин қолайсыздық тудырып, әдеттегі қалыптасқан тіршілік дағдысын бұзуға мәжбүр етеді. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Карантин біздің ортақ қауіпсіздігіміз, қаланың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін енгізіледі. Төтенше жағдайда әрбір қала тұрғынының саналы әрекеті мен қоғамдық тәртібі өте маңызды. Біздің ұстамдылығымыз бен ынтымақтастығымыз, сенімді іс-әрекетіміз, өзара жанашырлығымыз бен төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілігіміз қаламызды қорғап қалады», - деді қала әкімі.