Биыл Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 1 млн 200 мыңнан астам турист күтілуде
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өңір басшысы Ермек Маржықпаев айтты
Облыс әкімі тұрғын үй құрылысы мәселелеріне тоқталып, өңір республика бойынша осы салада төртінші орында тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биыл 51 көппәтерлі тұрғын үй салу көзделуде. Осы жылдың 4 айында 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 1920 отбасы баспаналы болды.
«Жыл соңына дейін кемінде 650 мың шаршы метр немесе 5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, құрылыс географиясы кеңейіп келеді, ол барлық қалалар мен аудан орталықтарында жүзеге асырылады. Жалпы, 2019 жылдан бастап облыс бойынша 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді әкім.
Баяндамада халықты ауыз сумен жүз пайыз сумен жабдықтау жөніндегі жұмыс туралы айтылды. 2025 жылға қарай 65 ауылда орталықтандырылған желілер салу жоспарлануда. 105 елді мекенде суды тазарту және беру үшін кешенді блок-модульдер орнатылады.
Өңір басшысының айтуынша, Ұлттық жобалар драйвері болған әлеуметтік салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Ұлттық жоба аясында 38 ауылда амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу көзделуде.
«Бұдан басқа, Степногорск және Атбасар көпсалалы ауруханаларын терең жаңғырту жоспарлануда. Биыл Қоянды ауылында 50 адам қабылдайтын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының, Сочинское ауылындағы медициналық пункттің, Новосельское ауылындағы ФАП құрылысын аяқтау жоспарлануда. Біржан сал ауданы Степняк қаласында аурухана құрылысы басталды. Облыс орталығында түрік инвесторымен МЖӘ аясында 630 төсек-орындық заманауи көпбейінді аурухана салуды бастаймыз», – деді әкім.
Өңір басшысы өз есебінде еліміздің туристік әлеуетін іске асырудың басым бағыттарының бірі болып табылатын туризм саласын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Е.Маржықпаев атап өткендей, өңірге келетін барлық туристердің 85 пайызы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына барады. Бүгінгі таңда мұнда 9 мыңнан астам келушіні бір реттік орналастыру мүмкіндігі бар 183 нысан жұмыс істейді.
«Өткен жылы курорттық аймаққа жалпы ағын бір миллион адамнан асты, биыл 1 млн 200 мыңнан астам турист келеді деп күтудеміз. Демалыс маусымы ашық. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға биыл 4,6 млрд теңге бөлдік, шамамен 100 шақырым жол төсемі салынып, жөнделеді», - деді өңір басшысы.