«900 мың адам жұмыссыз деген сөз»: Елнұр Бейсенбаев несие алу деңгейі туралы айтты
Ол халықтың несиесі салықтық түсімдермен шамалас екенін айтты
Мәжілістің жалпы отырысында Елнұр Бейсенбаев халық арасындағы жұмыссыздық пен несие туралы айтты, деп хабалайды Azattyq Ruhy.
«Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының 3/1 бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%, 2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 процентке, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни, аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз», - деді ол.
Сондай-ақ депутат жұмыссыздық мәселесін де ерекше атап өтті.
«Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отыр. Бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтіні анық. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни екі есеге көп. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр», - дейді депутат.