«Депутат айта береді, Үкімет өз білгенін істейді»: Аманжол Әлтай депутаттардың датын жеткізді
Ол Премьердің бірінші орынбасарының уәде беруін сұрады
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай депутаттық сауалдарға мардымды жауап алмайтындарын жеткізді, деп хабалайды Azattyq Ruhy.
«Құрметті Үкімет мүшелері, төрт көз түгел отырғанын пайдаланып, бүгін сіздерге барша Парламент депутаттарының датын жеткізгім келеді. Біз әрбір апта сайын құйрық жалын түйіп, аманаттап, сіздерге депутаттық сауалдар жолдаймыз. Өкінішке қарай, сол депутаттық сауалдарға көбінесе қанағаттанарлық жауап ала алмай келе жатырмыз. Халықтың ішінде «депутат айта береді, Үкімет өз білгенін істейді» деген сөз мәтелге айналып бара жатыр. Мемлекет басшысы «Халық үнін еститін үкімет Үкімет» қалыптасуы керек деді. Депутаттардың әрбір сауалының астында халықтың үні, талап-тілегі, тағдыры жатқан жоқ па?! Құрметті Үкімет мүшелері, отписка жасауды қашан тоқтатасыздар? Осы Үкімет мүшелері атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәдесін естігіміз келеді», - деді депутат Аманжол Әлтаев.
Бұл сұраққа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді.
«Депутаттық сауалдарға тоқталайын. Оларды біз мұқият қараймыз. Премьер-министр, Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде сауалдарға толық жауап беруге тырысамыз. Қандай да бір мәселе туындаса, Премьер-министрден бастап, Үкіметтің барлық мүшесі кез келген уақытта сөйлесуге дайын», - деді Скляр.