«Ашық тетік арқылы жұмыс істеуі керек»: Жұлдыз Сүлейменова қоғамдық бақылау жайлы

Аягөз Құрмаш

Заң жобасы үш негізде жүзеге асырылмақ

«Ашық тетік арқылы жұмыс істеуі керек»: Жұлдыз Сүлейменова қоғамдық бақылау жайлы
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының екінші оқылымында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы мақұлданды. «AMANAT» партиясының алаңында депутаттар мен АҚДМ өкілі заң жобасын талқылау жұмысын жүзеге асырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«AMANAT» партиясының фракция мүшесі Жұлдыз Сүлейменова атағандай, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қоғамдық бақылауды енгізу арқылы азаматтық қоғамда қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

«Заң жобасы қазір Сенатқа жолданды. Біз заңды жұмысқа алғаннан кейін жұмыс топтарының барысында «Самұрық-Қазына» АҚ жұмысына қоғамдық бақылау енгізу тетігі қарастырылды. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетіне қоғамдық бақылау енгізу дербес білім беру ұйымдарына және әскери борышын өтеп жатқан ұйымдарға, Кадет корпусына қоғамдық бақылауды енгізу процестері айқындалды. Қоғамдық бақылау үш негізде жүзеге асырылады. Ол: қоғамдық талқылау, қоғамдық мониторинг және қоғамдық экспертиза. Әрқайсысынң рәсімделетін күндері, қарастырылатын мәселелері мен шешімдер, қорытынды құжаттар заңмен бекітіледі. Заң жобасы 3 кодекс пен 10 заң жобасына өзгеріс енгізуді көздейді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ол атағандай, заң жобасы 4 тараудан, 16 баптан тұрады.

Депутат атағандай, заңда шектеулер мен рәсімдеуге қатысты мәселелер көп болған.

«Конституциялық реформалардан кейін біз «Самұрық-Қазына» АҚ-ға міндетті түрде қоғамдық бақылау енгізуді көздедік. Оған қатысты 7-8 ай Мәжілістің депутаттық корпусы табанды еңбек етті. Біздің әскерімізде жас балаларымызға қатысты резонанстық мәселелер туындаған соң қоғамдық бақылау енгізу қажеттілігін жақсы түсіндік. Дербес білім беру ұйымдарының мәртебесі құқықтық режимде заңмен бекітілген, ашық принциптермен жұмыс жасамай отырған білім ұйымдарына қоғамдық бақылау енгізу арқылы «халықтың үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымын енгізу қажет деп білемін», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ол атағандай, әскерилерді және «Самұрық-Қазынаны», еншілес компанияны, дербес ұйымдарды бақылауға алу – сайлаушылардың, мамандардың көтеріп жүрген мәселелері.

«Біз азаматтық қоғам құрғымыз келсе, Президент айтқан ықпалды Парламент құрғымыз келсе, онда ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Заң жобасының негізгі мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру арқылы азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету.

Заң жобасы аясында жұмыс тобы 2 жыл жұмыс істеді. Нәтижесінде заң жобасының үкіметтік нұсқасы барынша пысықталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.